М.Ахтаева: Ұлт жоспарын орындау әр қазақстандықтың міндеті болуы тиіс

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Бірлігі бекем елдің ертеңі нұрлы, білікті басшысы бар мемлекеттің болашағы баянды». 6 қаңтарда жарық көріп, қалың көпшіліктің қолдауын тапқан Елбасының «Ұлт жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласы сүйінші хабар іспетті. «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадамды» кезең-кезеңімен жасап, Ұлт жоспарын орындайтын, сөзден іске көшетін сәт келді. Бұл пікірді «ҚазАқпарат» тілшісіне Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті жанындағы «Ұлағат» бастауыш партия ұйымының төрайымы Маржан Ахтаева білдірді.

М.Ахтаева: Ұлт жоспарын орындау әр қазақстандықтың міндеті болуы тиіс

«Стратегиялық құжаттағы бағыт-бағдар елдің болашағының нұрлы екенін көрсетіп берді. Елбасы еңбегінде 5 институттық реформаны іске асыру жолдары тегіс қамтылған. Бастысы, мемлекеттік аппаратты қайта жасақтау, ел экономикасын өсірудің тың тәсілдерін қарастыру, қаржылық дағдарысты еңсерудегі тиімді жоспарлары жазылған.

Дамудың сара жолындағы атқарылар жұмыстарды салмақтап берген Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің 25-ші жылдығына жаңа қазақстандық арманмен аяқ басқанымызды, оның басты мақсаты жүзеге асырылып жатқан «2050» Стратегиясымен сәйкес екенін жеткізді», - деді ол.

Оның атап өтуінше, Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Назарбаев бес институттық реформа мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясындағы шараларды халыққа түсіндіруде «Нұр Отан» партиясына ауқымды міндеттер жүктеуде. Осы орайда, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалдары мен бастауыш партия ұйымдарына деген талаптың күшейе түсетіндігі анық. Ауқымы кең, мағынасы терең мақалада да жемқорлықпен күрес мәселесі орынды қозғалған. Мемлекеттік қызметшілер де, бюджеттік сала мамандары да ұлт мүддесін арқалаған азаматтар ретінде әуелі адалдығымен, заңға беріктігімен баршаға үлгі болуы тиіс. Өркениетті елдің азаматтары жемқорлықтың салдарымен күресуден бұрын кез келген сыбайластық әрекеттердің алдын алуға барын салуға борышты. Бұл ретте партияның бақылау комиссиясы мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын қадағалап, қазына қаржысының қажетімен жұмсалуын қырағы назарда ұстап келеді.

«Мемлекеттік қызметшіге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі де бәсекелестіктің артып, білікті мамандардың көбеюіне ықпал етеді. Әсіресе, Президенттің пәрменімен тура 1 қаңтардан «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы 30 пайызға, медицина және білім саласы мамандарының жалақылары, сәйкесінше, 28 бен 29 пайызға, ал әлеуметтік қорғаудағы қызметкерлердің айлығы 40 пайызға дейін көтерілгені көпшілікті жігерлендіріп, жұмысқа жаңаша күшпен кірісуге ынталандырды. Жаһандық нақты ахуалда туындаған кедергілерге қарамастан, мемлекеттік қолдаудың еселей түсуі қазақстандық арманға жетелейтін игі мұраттарды өміршең ете түспек», - деді М.Ахтаева.
«Ұлағат» бастауыш партия ұйымы төрайымының пайымынша, Президент бізге жақсы бағыт-бағдар беріп отыр. Осыны орындау әр қазақстандықтың міндеті болуы тиіс.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, сонда ғана еліміз одан әрі қарыштап дамиды және осы орайда, барша нұротандықтар мен болашақ педагогтардың туған жеріміздің гүлденіп дамуына, еліміздің қарыштап қадам басуына аянбай еңбек етуге дайын екенін жеткізгіміз келеді. Сөзімді Елбасының маңызды құжаттағы қорытынды ойымен аяқтағым келеді «Мен қазақстандықтарды ұлт жоспарын жүзеге асыруға және реформаларды жүргізуге барынша белсенді қатысуға, олар ашатын мүмкіндіктерді пайдалануға шақырамын!», - деп түйіндеді сөзін ол.