М. Алтынбаев «Конституциялық заңдылықты нығайтуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Көрнекті мемлекет қайраткері, Халық қаһарманы, Армия генералы, сенатор Мұхтар Қапашұлы Алтынбаев «Конституциялық заңдылықты нығайтуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.

    М. Алтынбаев  «Конституциялық заңдылықты нығайтуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды

Бүгін Сенатта М. Алтынбаевтың 70 жылдық мерейтойына байланысты өткен салтанатты шарада ҚР Конституциялық Кеңес Төрағасы Игорь Рогов мерейтойы иесіне марапатты тапсырды.

Кеңес Төрағасының айтуынша, осыдан екі жыл бұрын ҚР Президентінің Жарлығымен «Конституциялық заңдылықты нығайтуға қосқан үлесі үшін» медалі бекітілген болатын.

«Қазақстанның Ата Заңында Отанды қорғау Қазақстан Республикасы азаматының ең жоғары мәртебелі борышы ретінде айқындалған. Конституцияны қорғау, мемлекетті қорғау - бұл ең бірінші кезекте кез келген сыртқы қолсұғушылықтардан егемен елімізді қорғау. Мұхтар Қапашұлы біздің мемлекеттілігіміздің орнығуына, егемен еліміздің тәуелсіз әскери құрылысын қалыптастыруға аса қомақты үлес қосқан бірегей тұлға. Сондықтан да, мен Мұхтар Қапашұлының марапаттарының көп екеніне қуанамын, ол осы марапаттардың барлығына лайықты тұлға. Дегенмен, Мұхтар Қапашұлына бір ғана марапат жетпей тұрған тәрізді, осы олқылықтың орнын толтырғым келеді», - деген И.Рогов мерейтой иесіне арнайы медальді табыс етті.