М.Әуезовтің 115 жылдығына орай Алматыда кітап көрмесі ашылды
АСТАНА. 18 қыркүйек. ҚазАқпарат - 28 қыркүйекте қазақ әдебиетінің классигі, қазақ халқының сөз өнерінің, көркем прозасының асқар шыңы, жазушы-драматург, әдебиет зерттеушісі Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың туғанына 115 жыл толады.
Осындай атаулы күнге орай жуырда Республикалық кітап мұражайында «Дәуірдің ұлы, ғасырдың үні» атты ғұлама ғалымның шығармашылығына арналған кітап көрмесі ашылды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Көрмені музей директоры, академик, белгілі жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы кіріспе сөзбен ашты. Филология ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, кафедра меңгерушісі Темірхан Тебегенов, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, жазушы, әдебиеттанушы Нұрдәулет Ақыш, «Әуезов үйi» ғылыми-мәдени орталығының аға ғылыми қызметкерi Санагүл Майлыбай жиналған жұртшылықпен өз естеліктерімен бөлісті.
Көрмеде орын алған 1942 жылы Алматы қаласында жарық көрген «Абай» романының тұңғыш басылымы, музей қорындағы «Еңлік-Кебек» драмасы, «Қилы заман», «Қараш-қараш», «Тас түлек» тағы да басқа ертеректе латын әріптерімен басылған сирек кездесетін құнды кітаптар, ұлы қаламгердің ең басты туындысы - «Абай жолы» роман-эпопеясының ағылшын, хинди, урду, эстон, ұйғыр және тағы басқа шет ел тілдерінде шыққан басылымдары көрнекі орын алды. Шәкірттері Т.Қожекеевтің, Т.Кәкішевтің, З.Қабдоловтың ұстазға деген құрметтен, сүйіспеншіліктен туындаған «Екі көзіміз Мұқаңда», «Ұстаз» т.б. естелік кітаптары да осы көрмеде. Қойылған кітаптардың ішінде атап айтатын бір шығарма - ол жазушының өзі оқып, өз қолымен белгілеп қойған беттері бар Джон Дрэпердің «Европаның ақыл-ойының дамуының тарихы» атты 1896 жылы Киевта жарық көрген, қазір музей қорында сақтаулы тұрған басылым.