М.Әзілханов: «E-Islam» порталының басқа діни сайттардан ерекшелігі - діни радикализм қауіптері, зайырлылық пен діндарлық атты айдарлардың ұйымдастырылуында
АСТАНА. 28 қараша. ҚазАқпарат - «E-Islam» порталының басқа діни сайттардан ерекшелегі - діни радикализм қауіптері, зайырлылық пен діндарлық атты айдарлардың ұйымдастырылуында. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде аталған порталды таныстыруға арналған брифингте ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Әзілханов айтты.
Оның атап өтуінше, порталда 7 негізгі және 12 қосымша тақырыптық айдарлар бар. Атап айтқанда, Қазақстандағы ислам, Ислам және зайырлы мемлекет, Ислам және қоғам, Ислам - ізгілік діні, дінаралық үнқатысу деген айдарлар орын алған. Порталда орналастырылған күнделікті жаңарып отыратын жаңалықтар тізбесі - сайттың маңызды құрамдас бөлігі. Осы арқылы оқырман Қазақстандағы және әлемдегі діни ахуалдан дер кезінде хабардар бола алады. «Е-ислам порталының басқа діни сайттардан ерекшелегі діни радикализм қауіптері, зайырлылық пен діндарлық атты айдарлардың ұйымдастырылуында. Сайттың алғашқы кезеңінде күнделікті қолданушылар саны 3 мыңға жуық болса, күн сайын олардың саны мыңнан кем түспейді», - деді М.Әзілханов. Сонымен қатар агенттік басшысының айтуынша, сарапшылар бағаны айдарында мамандарға тікелей сұрақ жолдап, жан-жақты тұшымды жауап алуға да мүмкіндік бар.