М. Боқаев пен Т. Аянов соты: Прокурор сотта айыптау актісін оқыды

АСТАНА. ҚазАқпарат - №2 Атырау қалалық сотында Макс Боқаев пен Талғат Аяновтың ісі бойынша басты сот отырысы одан әрі жалғасуда. Бүгін түстен кейін сот отырысында сөз сөйлеген мемлекеттік айыптаушы К. Сыдықов сотталушылар М. Боқаев пен Т. Аяновтың қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті бұзу мақсатында қандай қылмыстық заң бұзушылық іс-қимылдар жасағанына бастан-аяқ тоқталды.
None
None

Айыптау актісінде айтылғандай, 2003 жылдан бері «Арлан» қоғамдық қорын басқарып, белсенді қоғамдық қызметпен айналысқан Макс Боқаев атыраулық қоғам белсендісі Талғат Аяновпен тығыз байланыста болған. Өз кезегінде қоғамдық қызметпен айналысуына орай Т. Аянов Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны, кәсіпкер Т. Төлешовтің назарына ілігеді. Билікті күшпен басып алуға бағытталған іс-қимылдарын жүзеге асыра отырып, шымкенттік кәсіпкер 2015 жылдың желтоқсан айында өзінің қарамағындағы адамдары Н. Досанбаев және О. Бекбауов арқылы Т. Аяновқа Төлешовтің мүддесіне орай қарсылық акцияларын ұйымдастыруға және өткізуге 100 000 АҚШ долларын жібереді. 2016 жылдың көктемінде Боқаев пен Аянов жер заңнамасындағы өзгерістерге қоғамның қызығушылығы артқанын пайдаланып, жеке басының мүддесі үшін, М. Боқаев қоғамдық-саяси танымалдығын арттырып, «саяси ұпай» жинау үшін, ал Т. Аянов пайдакүнемдік қызығушылығы мақсатында Төлешовтен алған ақшаға «жер мәселесі» бойынша қоғамдық-саяси акция өткізуге шешім қабылдайды.

Ортақ қылмыстық пиғылын іске асыру мақсатында М. Боқаев алдын-ала Т. Аяновпен сөз байласып, 2016 жылы 14 сәуірде Атырау қаласының әкімдігіне 2016 жылы 24 сәуір күні Исатай-Махамбет атындағы алаңда шеру өткізуге өтініш береді. Жер мәселесіне халықтың назарын көбірек аудару үшін сол күні Макс пен Талғат «Facebook»-тегі жеке парақшаларына және «Гражданская инициатива Атырау - Азаматтық бастамасы Атырау» тобына «Ел билігі ауыл шаруашылығындағы жерлерді шетел компаниялары мен азаматтарының меншігіне беруді жоспарлап отыр» деген сипаттағы жалған ақпаратты сала бастайды. Сайып келгенде, олардың жер тақырыбын желеу етіп, халықты билікке қарсы қою үшін азаматтардың патриоттық сезімін әдейі өз мүддесіне пайдаланғаны мәлім болды.

Сотқа дейін жүргізілген тергеуден мәлім болғанындай, Боқаев пен Аяновтың қылмыстық пиғылы 14 сәуірде жұртты арандатуға кірісуінен басталған. 14 сәуір күні Макс «Facebook»-тегі «Гражданская инициатива Атырау - Азаматтық бастамасы Атырау» тобында шеру өткізуге берген өтінішінің фотосуретін жариялайды, сол күні Талғат фотосуретті өз парақшасында көшіріп басып, оған «Репост. Родина в опасности!» деген түсініктеме жазады. «2016 жылдың 18 сәуірінде Атырау қаласының әкімі Н. Ж. Ожаев Т. Аянов мен М. Боқаевты әкімдікке кездесуге шақырған. Оған тек Т. Аянов қатысады. Кездесу кезінде Н. Ожаев және әкімдіктің басқа лауазымды тұлғалары Исатай мен Махамбет атындағы алаңда шеру өткізуге рұқсат етілмеген себебі, Атырау қалалық мәслихатының 2013 жылғы 21 маусымдағы №125 шешімімен бұл орын шеру өткізуге болатын жерлердің тізіміне кірмейтінін және шеруді басқа жерде өткізуге болатынын түсіндіреді. Сондай-ақ, Т. Аяновқа өз талаптарын хат түрінде жазып, орталық билік органдарына жеткізуге ұсыныс жасалған. Алайда Аянов жеке басының пайдакүнемдік қызығушылығын ескеріп, конструктивті диалогтан бас тартады және 2016 жылы 24 сәуірде Исатай-Махамбет алаңында шеру өткізуден айнымайтынын жеткізеді»,- деп хабарлады сот отырысында мемлекеттік айыптаушы.

Талғат Аянов сол күні «Facebook»-тегі «Гражданская инициатива Атырау - Азаматтық бастамасы Атырау» тобында әкімдіктегі кездесу туралы хабарлап, мынадай жалған ақпаратты қоса береді: «...мәлім болғандай, 1,7 млн. гектар жер жекеменшікке беріледі, оған қоса 1 млн. гектар жер шетелдіктерге 25 жылға жалға беріледі». 18 сәуірде Атырау қаласы әкімінің Исатай-Махамбет алаңында шеру өткізуге рұқсат берілмейтіні туралы қаулысы шығады, ол туралы 19 сәуірде М. Боқаев пен Т. Аяновқа ресми түрде хабарланады. Бірақ Талғат Аянов арам пиғылын жалғастыра отырып, сол күні кешке өзінің «iPhone 6» маркалы мобильдік телефонының көмегімен «WhatsApp» қосымшасы арқылы өзінің 20 танысына мынадай мәтіндегі хабарлама жолдайды: «Атыраучане! Митинг! Как вы знаете, правительство собралось с 1 июля отдать Китаю в аренду 1 млн гектаров сельскохозяйственной земли на 25 лет. Пришла пора собраться и потребовать отменить эти изменения в земельном кодексе! Иначе будет поздно, потеряем землю и станем рабами, а вам и вашим детям придется учить китайский язык! Не время отсиживаться дома! Неразрешенный митинг по требованию об отмене дачи Китаю родной земли состоится 24 апреля 2016 года, в 14-00 часов на площади батыров Махамбета и Исатая! Просьба пересылать дальше по ватсап, вк, Фейсбук». Осы хабарламаны ол 19 сәуірде скриншот түрінде «Гражданская инициатива Атырау - Азаматтық бастамасы Атырау» тобында және «Facebook»-тегі парақшасында жариялаған.

Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, атыраулық белсенділер М. Боқаев пен Т. Аянов көпе-көрінеу жалған ақпаратты атыраулықтармен жүздескенде, телефонмен сөйлескенде таратып отырған. «Facebook»-тегі бейнематериалдарында және жарияланымдарында еліміздегі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық ахуалға, билік өкілдерінің қызметіне (Президентке, депутаттарға, құқық қорғау органдарының өкілдеріне), қытай ұлтының өкілдеріне жағымсыз баға беріп, жұртты шеруге шығуға, елдегі билікті ауыстыруға бағытталған іс-қимылдар жасауға үгіттеген. Соның нәтижесінде жалған ақпарат жаппай жұртқа тараған. Прокурор белсенділердің әлеуметтік және ұлттық алауыздық туғызу үшін қандай іс-қимылдар жасағанын егжей-тегжейлі әңгімеледі.

Кейінірек олар Атырау қалалық прокурорының санкция бермеуіне және қарсылық акциясына шығуға болмайтыны туралы ескертуіне қарамастан, 24 сәуірде Исатай-Махамбет алаңында заңсыз шеру өткізеді. Сол шеруде М. Боқаев, Т. Аянов және басқалар Жер кодексіне енгізілген түзетулерге қарсылық білдіріп, оның «шетел азаматтарының мүддесі үшін» жасалғанын айтып, халықтың жағымсыз көзқарасын қалыптастыруға тырысады. Айтарлығы, Талғат Аянов сол шеруде Үкіметтің «Қытаймен бірігуіне», нәтижесінде Қазақстан Республикасының азаматтарын «құртуға» ниеттеніп отырғанына екпін түсіреді.

24 сәуірде Атырауда өткізілген заңсыз шерудің қорытындысы бойынша Боқаев пен Аянов 25 сәуірде «Facebook»-тегі жеке парақшаларында жер кодексіне енгізілген түзетулерді алып тастауға шеруге қатысушылардың атынан дайындалған резолюцияның жобасын жариялайды. 24 сәуірдегі шеру туралы бейнематериал әлеуметтік желілерде көбейтіліп, елімізде үлкен қоғамдық дүрлігу туғызды. Айыптау актісінде атап көрсетілгендей, азаматтарды әлеуметтік жағынан бір-біріне қарсы қою, мемлекеттік билікті жүзеге асыратын тұлғаларға жағымсыз көзқарас қалыптастыру, саясаттану тұрғысынан алғанда қоғамдық тұрақтылыққа қауіп төндірудің белгілері болып табылады. Мұны психологиялық-филологиялық талдау қорытындысы дәлелдеген. Талдауға сәйкес, Т. Аянов мен М. Боқаевтың ел алдында сөйлеген сөздерінен әлеуметтік топтарға жағымсыз баға беру, билік пен халықты бір-біріне қарсы қою әрекеті анықталған.

Айыптау актісі жарияланып болған соң, судья сотталушыларға: «Сіздерге тағылған айыптар түсінікті ме?» деп сұрақ қойды. Макс Боқаев пен Талғат Аянов өздеріне тағылған айыптардың түсінікті екенін айтты. Бірақ олар сотта бірінші болып түсінік беруден бас тартты. Ал, судья соттың келесі, яғни, 17 қазанда өтетін отырысында айыптаушы тарап ұсынған куәгерлерден сотта жауап алынатынын хабарлады.    

Соңғы жаңалықтар