М.Елеусізов ҚР Президенттігіне үміткер ретінде өтініш берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Табиғат» экологиялық одағының басшысы Мэлс Елеусізов ҚР Орталық сайлау комиссиясына президенттік сайлауға үміткер ретінде өтініш берді.
«Әрине, құжаттарымды тапсырдым, оның еш қиындығы жоқ қой. Алда лингвисткалық комиссия сынағы, оның қиындау болатындығы түсінікті. Дегенмен, бұған дейін екі мәрте тапсырған болатынмын. Сондықтан өтетіндігіме сенімдімін», - деді ол БАҚ өкілдеріне.
Сонымен қатар ол президенттік сайлауға қатысу арқылы Қазақстанның экологиялық ахуалына күллі әлемнің назарын аудартқысы келетіндігін атап өтті.
Айта кетейік, бүгінде үміткерлердің саны 23 адамға жетті. Оның 21-і сайлауға өзін-өзі ұсынғандар, ал екеуін, атап айтқанда, Н.Назарбаевты «Нұр Отан» партиясы, ал Т.Сыздықовты Қазақстанның коммунистік халық партиясы ұсынған. Қазіргі уақытта олардың сайлау талаптарына сәйкестігі тексеріліп, кейбірі лингвистикалық комиссияға сынақ тапсыру үстінде. Мәселен, 8 үміткерді тіркеуден бас тартылды. Олардың 2-еуінің жасы Конституцияға сәйкес сайлауға түсу жасына толмаған. 6-уы лингвистикалық комиссия сынағын тапсыра алмады. 4 адам лингвистикалық комиссия сынағын тапсырды. Олардың сайлау талаптарына сәйкестігі тексерілді. Олар қазіргі уақытта сенімді тұлғаларын тіркеп, қол жинау жұмысымен айналысуда.