М.Елеусізов ҚР Президенттігіне үміткер ретінде сайлауға қатысатындығын мәлімдеді
М.Елеусізов өткен сайлауда да Президенттік орынның ауылы алыста болғандығын біле тұра қатысқандығын айтады. «Президенттік сайлауға түсу арқылы табиғат, экология мәселелерін кеңінен көтеруге мүмкіншілік болатынын бұрыннан айтып келем. Өткен сайлауда бірқатар мәселелерді көтеріп, олардың шешілуіне қол жеткізе алдым. Табиғат та үлкен саясат, сондықтан одан тыс қалғым келмейді. Қазір дүниежүзінде үлкен апаттар орын алып жатыр, ауа райы өзгеруде, сол себептен қол қусырып отыра алмаймын», -дейді М.Елеусізов.
Сондай-ақ ол демократиялы ел болғандықтан үміткер ретінде қатысуға құқылы екендігін айтады. «Мен президенттіке өтем бе, өтпеймін бе, ол мені мазаламайды. Мен демократиялы елдің азаматы ретінде өзімді ұсынамын. Біздің қоғамның кемшін тұсы бар. Ол -халықтың сайлауға немқұрайлы қарауы. Үміткерлер ұнау, ұнамауы маңызды емес, бастысы - демократиялы елдің азаматы ретінде сайлауға қатысып, өз үніңді білдіру», -дейді үміткер.
Сонымен қатар ол өзінің жеке бағдарламасы бар екендігін және онда мәдениет, демократия мәселелері де қамтылғандығын, бірақ экология басты назарда екендігін айтып өтті. «Бағдарламам бұрынғыдай табиғат мәселесіне арналған күйінде қала береді. Қазақстанның экологиясы күн сайын нашарлауда, бұл салада 20 жылдан астам уақыт жұмыс істегендіктен бұл жағдай маған жат емес», -деп атап өтті өз сөзінде М.Елеусізов.
М.Елеусізов сайлау алдында елді мекендерді уақыттың тығыздығына байланысты араламайтындығын айтады. «Былтыр ауылды жерлерде болып халықпен жүздескенмін. Биыл ондай мүмкіндік болмайды, тек бөлінген қаражатты ақпарат саласына тиімді бөлемін», -дейді ол.