ІІМ елордадағы пәтерде қару сақтаған шетелдіктің ісіне түсінік берді
АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Астанада шетелдіктің қару-жарақ сақтау оқиғасына қатысты түсінік берді.
— Бұл пәтер бойынша кешенді сараптама жүргізуді тапсырдық. Келер аптаның басында оның нәтижесін алып, түпкілікті шешім қабылдаймыз. Қазір тергеу жалғасып жатыр, - деді С. Әділов Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Сонымен қатар ол аталған пәтер Назарбаев университетіне тиесілі емес екенін нақтылады.
— Ол Назарбаев университетінің оқытушысы емес, яғни жалға алған пәтер болған, деді министрдің орынбасары.
Оның айтуынша, қазір шетелдік азамат ел аумағында тергеу органдарының барлық сауалына жауап беріп жатыр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, тексеріс жүргізуге тұрғындардың бірінің пәтерге күмәнді зат кіргізді деген шағымы түрткі болған.
Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізді.
Құзырлы органның мәліметінше, жәшіктің ішінде тарихи әрі мәдени құндылығы бар антикварлық қару үлгілері болған.
Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, бұл заттар заманауи атыс қаруына жатпайды және тұрғындарға ешқандай қауіп төндірмейді.
Сәуір айының аяғында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Назарбаев университетінің пәтерінде қару сақтаған шетелдіктің ұсталуы жөніндегі ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады.