М.Каддафидің авиациясы мұнай қоймасына бомба тастады - РБК
АСТАНА. 10 наурыз. ҚазАқпарат - Муаммар Каддафи армиясының авиациясы ел астанасы - Триполиден 580 шақырым қашықтықта орналасқан Эс-Сидер қаласындағы мұнай қоймасын бомбылады.
Сондай-ақ, Ливия өкіметі артиллериясының мұнай қоймасына тартылған құбырға да зеңбірек жаудырғаны туралы да ақпарат бар, деп хабарлайды РБК агенттігі.
Эс-Сидерге жасалған шабуылдың салдарынан адам құрбандарының болған-болмағаны жөнінде әзірге ақпарат жоқ.
Аl Arabia телеарнасының хабарлауынша, Ливияның батысындағы Эз-Завия қаласына да әуе шабуылы жасалған. Ал ВВС телекомпаниясының ақпараты бойынша, үкімет күштері қазір осы елді мекеннің басым бөлігін бақылауға алып отыр. Жергілікті тұрғындардың ақпараттары бойынша, қалаға танктер кірген. Көтерілісшілер бұған дейін үкімет күштерін қаладан ығыстыра алған еді. Эз-Завияда болған шайқастарда 30-дай адам қаза тапқан.
Ақпан айының ортасынан бері Ливияда наразылық шерулері жалғасып келеді, шерушілер Ливияны 40 жылдан бері басқарып келе жатқан Муаммар Каддафидің отставкасын талап етуде. Ливия оппозициясы елдің шығысындағы бірқатар қалаларды өз бақылауына алып отыр. Халықаралық ұйымдардың деректері бойынша, тоқтамай отырған қарулы қақтығыстар кезінде осыған дейін 6 мыңға жуық адам қаза тапқан.