М. Құл-Мұхаммед: Өткен жылы құрылыс және ТКШ саласында 200-ге жуық қылмыс анықталды

Бұл туралы бүгін Ақордада ҚР Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы барысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед мәлім етті.
«Қаржыландыру ауқымы бойынша тұрғын үй құрылысы шаруашылығы мен құрылыс саласы айтарлықтай шығынды болып табылады. Жыл сайын осы салаларға айтарлықтай қомақты бюджет қаражаты да бөлініп жатыр. Мәселен, 2011 жылдың өзінде құрылыс жұмыстарының көлемі 2 трлн. 82 млрд. теңгені құраған. Үлестік құрылысты қолдау үшін 2007 жылдан күні бүгінге дейін 461 млрд. теңге жұмсалды», - деді М. Құл-Мұхаммед.
Сөз арасында Мемлекеттік хатшы мемлекеттік бағдарламаларды орындау барысында заң бұзушылықтарға жиі жол беріліп жатанын да атап өтті. Мәселен, тек 2011 жылдың өзінде ғана қаржы полициясы органдары құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 200-ге тарта қылмысты анықтаған.
«Оның өзінде де заң бұзушылықтар әлеуметтік маңызға ие нысандардың құрылысы барысында да, оларды жаңғырту мен күрделі жөндеу барысында да орын алып отыр. Құрылыспен байланысты жекелеген инвестициялық жобаларды жүзеге асыру нысанның алғашқы кезеңдегі құнынан бірнеше дүркін қымбаттату арқылы жүзеге асады. Бұның өзі осы салада сыбайлас жемқорлық сипатындағы жүйелі проблемалардың бар екендігін білдіреді», - деді М. Құл-Мұхаммед.