М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалының түлектеріне дипломдар тапсырылды

Салтанатты шара барысында сөз алған аталған білім ошағының директоры Александр Сидорович филиалдың Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен құрылғандығын, сонымен қатар, 5-ші мәрте мамандарға сәт сапар тілеген білім ошағының оқу жылының аяқталуы Мемлекет басшысының 70 жылдық мерейжасымен сәйкес келіп отырғандығын атап өтті.
«Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалы - бұл ТМД елдерінің ішінде Мемлекет басшысының бастамасы бойынша құрылған алғашқы филиал. Бұл оқу орны ҚР гранттарының есебінен толығымен қаржыландыратын, өз студенттерін ел ішінде, сонымен қатар Мәскеуде де оқытатын бірінші филиал болып табылады», -деді А. Сидорович.
Биылғы жылы оқу орнын бітірген түлектердің 20 пайызы үздік дипломды иеленіп отыр.
«Біз Қазақстандағы филиалды мақтан тұтамыз және біз Нұрсұлтан Назарбаевқа оның сенімін ақтап отырғанымызды батыл түрде айта аламыз», - деді филиал директоры.
Айта кетейік, ММУ қазақстандық филиалы 2001 жылы құрылды және алғашқы кезде 97 студент қабылданған еді. Қазіргі кезде олардың саны 600-ға жетті.
А. Сидоровичтің сөзіне қарағанда, олардың барлығы математика саласында, жүйелік бағдарламалық қамтамасыз етуде, филологияда, және басқа да ғылымдарда іргелі білімдерді игерген. Барлық студенттер жоғары курстарда Мәскеуде білім алған, сондай-ақ ММУ мемлекеттік комиссиясының алдында дипломдық жұмыстарын қорғады.
Түлектерді құттықтауға ММУ-дің профессорлық-оқытушылық құрамы, өткен жылдардағы түлектер келді. Дипломдарды тапсыру рәсімі мерекелік концертке ұласты.