М.Мақатаев атындағы «Поэзия, менімен егіз бе едің?!» жас ақындар байқауы жарияланды
Шара ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың мұрасын насихаттау, ұлы ақынның шығармалары арқылы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, жас таланттарды, ақындарды тану, өлең құдіреті арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Байқау екі кезеңнен тұрады. Байқаудың іріктеу кезеңі үстіміздегі жылдың 17 ақпанында өтеді. Республикалық байқау шілде айында өткізіледі, оның нақты уақыты, өтетін жері қосымша хабарланады. Байқауға 20-30 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Байқау үш тапсырма бойынша өткізіледі. «Поэзия, менімен егіз бе едің?!» тапсырмасында қатысушының М.Мақатаевқа арнаған өлеңі оқылуы тиіс. Бұл ақынның поэзияда алатын орнын, суреткерлік бейнесін, қаламгерлік шеберлігін таныта аларлық шығарма болуы шарт. «Ал екінші бақытым - тілім менің» кезеңінде қатысушының тіл тақырыбына арналған өлеңі оқылады. Шығармада ана тіліміздің баға жетпес байлығы, сонымен бірге бабалардан қалған асыл қазынамыз және мемлекеттің басты тілі екендігі көрініс табуы тиіс. «Болашағым, сен тұрсаң мен өлмеспін!» тапсырмасында «Күнделік жаз, жарқыным!» тақырыбында ақынның күнделігінен сыр шерту, ой толғау немесе «Есіңе мені алғайсың» тақырыбында ақынның өлеңіне жазылған әнді орындауы қажет. Байқауға қатысушы үміткер өлеңдерін (қағаз түрінде және электронды нұсқасымен) 2015 жылдың 13 ақпанына дейін Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасына тапсыруы тиіс. Оқылатын шығармалар көлемі 2-3 минуттан аспауы керек. Қатысушылардың өлеңдерін қазылар алқасы сараптайды, талапқа сай емес өлеңдер байқауға жіберілмейді. Байқау жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен, дипломдармен марапатталады. І орын иегеріне республикалық байқауға жолдама беріледі, деп хабарлайды adebiportal.kz.