М.Нәрікбаевты халқы ертең ақтық сапарға шығарып салады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мақсұт Сұлтанұлы Нәрікбаевты халқы ертең, 13 қазанда сағат 9.00-де Астана қаласы, Қорғалжын тас жолы,8 мекенжайында орналасқан Қазақ гуманитарлық заң университетінің ғимаратынан ақтық сапарға шығарады. Бұл туралы оқу орнының баспасөз қызметі хабарлады.
«2015 жылғы 12 қазанда 76-ға қараған жасында заң ғылымдарының докторы, профессор, «ҚазГЗУ» АҚ Президенті, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Мақсұт Сұлтанұлы Нәрікбаев дүниеден өтті. Марқұммен қоштасу ертең, 13 қазан күні сағат 09.00-де Қазақ гуманитарлық заң университетінің ғимаратында өтеді. Мақсұт Сұлтанұлы 1940 жылғы 30 наурызда Талдықорған облысы Талдықорған ауданының Еркін ауылында дүниеге келді. Оқу орнының ұжымы Нәрікбаев Мақсұт Сұлтанұлының бақилық болуына байланысты оның туған-туыстарына, жақындары мен әріптестеріне қайғыға ортақтастығын білдіріп, көңіл айтады. Ол біздің есімізде өзінің жеке харизмасымен баурап алатын, өмірге құштар, жалынды, шығармашыл тұлға ретінде қалады»,-делінген ақпаратта.