19:25, 04 Желтоқсан 2015 | GMT +5
М.Саакашвили Грузия азаматтығынан айырылды
БАКУ-ТБИЛИСИ. ҚазАқпарат - Грузия Президенті Георгий Маргвелашвили Михаил Саакашвилиді азаматтығынан айыру жөніндегі жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Бакудегі ҚазАқпарат тілшісі Берік Хамитов республика президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
3 желтоқсанда Грузияның Әділет министрлігі ел президентіне М.Саакашвилиді грузиялық азаматтықтан айыру ұсынысын жасады.
Бұл туралы Әділет министрі Тея Цулукиани мәлімдеді.
«Біз Михаил Саакашвилиге оның азаматтығын тоқтату бойынша өз ұстанымын айтуды ұсындық. Грузия заңында қарастырылғандай, бұған 1 айдай уақыт беріледі, - деді министр. - Хат оған Одессада 3 қарашада берілді. Ол жауап қайтармады. Сондықтан Әділет министрлігінің қорытындысы президент Г.Маргвелашвилиге жолданды» - деді Т.Цулукиани.
М.Саакашвили 2004 жылдың қаңтарынан 2013 жылғы қарашаға дейін Грузия Президенті лауазымында болды. 2015 жылдың мамырында М.Саакашвилиге Украина азаматтығы берілді. Ал 30 мамырда ол Одесса облысының губернаторы болып тағайындалды.