16:41, 03 Сәуір 2015 | GMT +5
М.Сәрсембаев: ҚР Президенттігіне кандидаттардың іс-әрекетіне қатысты ескерту мен шағым түспеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенттігіне кандидаттардың іс-әрекетіне қатысты ескерту не болмаса шағым түспеді. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаев мәлім етті.

«Өткен апта ішінде кандидаттардың не болмаса олардың сенімді өкілдерінің іс-әрекетіне қатысты Орталық сайлау комиссиясына еш шағым түспеді», - деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның атап өтуінше, ОСК мүшелері аумақтық сайлау комиссияларымен тұрақты түрде байланысқа шығып отыр.
«Аймақтардан да еш шағым түскен жоқ. Егер қандай да бір шағым түсетін болса, онда біз оны заңнама аясында шешу үшін сәйкесінше шаралар қабылдайтын боламыз», - деді М.Сәрсембаев.
Айта кетейік, ҚР Президенттігіне кандидаттар наурыз айының 26-сынан бастап үгіт-насихат жұмыстарына кіріскен болатын. Үгіт жұмыстары сәуірдің 24-і күні аяқталады.