М.Сәрсембаев Орталық сайлау комиссиясының мүшесі болып тағайындалды - Мәжіліс
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Марат Алдоңғарұлы Сәрсембаев Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі қызметіне тағайындалды.
ҚР Конституциясына сәйкес, Парламенттің әр палатасы Орталық сайлау комиссиясының екі мүшесін қызметке тағайындайды. Сонымен қатар Конституцияның 58-бабы, 3-тармағы, 7-тармақшасына сәйкес Орталық сайлау комиссиясының мүшелерін палата Төрағасы ұсынады.
Осыған байланысты Мәжіліс Төрағасы Марат Алдоңғарұлы Сәрсембаевты Орталық сайлау комиссиясының мүшесі қызметіне тағайындау туралы ұсыныс жасаған.
«М.Сәрсембаев заң ғылымдарының докторы, профессор. Халықаралық құқық бойынша Қазақстандағы білікті заңгерлердің бірі, бірқатар ғылыми жарияланымдардың авторы. Мемлекеттік және ғылыми салаларда үлкен тәжірибесі бар. 2005 жылдан бері Орталық сайлау комиссиясында қызмет етіп келеді», - деді кандидатура туралы баяндаған Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашев.
Палата депутаттары аталған ұсынысқа қолдау білдірді.