М.Шоқайдың бұл мұраларын кезінде Тахир Шағатай сақтауға тапсырып еді - М.Акчора

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
М.Акчора сол кездері Түркістан орталық қозғалысының мұрағатына кіруге Т.Шағатай бастаған адамдар рұқсат бергендігін айта келе, бүгінгі қолымызға тиіп отырған құжаттарды Тахир Шағатай сақтауға бергендігін жеткізді. «Көп жылдары екі ел арасындағы қарым-қатынас саяси жағдайларға байланысты үзіліп қалды, әрі Қазақстан М.Шоқайды зерттейтін халде емес еді. Бертін келе «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымы жұмыстарының жетістіктерімен таныса келе, құжаттарды осында тапсыруға бел будым. Бұл құжаттарды Дүйсен Қасейіновтың ұсынысы бойынша түркі елдерінің түпкі ордасы, қазіргі қазақ елінің Орталық мемлекеттік мұрағатына беруді жөн көрдім», дейді Мұзаффер Акчора.
Сондай-ақ ол өз аталарының Қырымнан 1900 жылдары Түркияға көшкендігін айта келе, бүкіл түркі халықтарын туысы ретінде құрметтейтінін айтады. «Қазақстан деген кезде ойыма әр уақытта қыпшақ, ғұн, үйсіндердің шыққан ұлы даласы, бүкіл түркі мемлекеттерінің құрылған жері ретінде атамекен елестейді», деп атап өтті ол өз сөзінде.
М.Акчора сонымен қатар Қазақстанның әр жетістігіне қуанып, оның қарыштап дамуын ылғи да тілеп отыратындығын айтты.