М.Тоқтағазин Халықаралық ақпараттандыру академиясының мүшесі болып сайланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультетіндегі Баспасөз және баспа ісі кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Мұратбек Тоқтағазин Халықаралық ақпараттандыру академиясының толық мүшесі - академигі болып сайланды.
Ол «Деректілік пен көркемдік», «Ақмола үшін айқас» кітаптарының авторы, «Әйгілі Әзаға», «Әзілхан Нұршайықов және қазақстандық журналистиканың өзекті мәселелері», «Бекзат болмыс» кітаптарының құрастырушысы, «Бүтін бітім» кітабы құрастырушыларының бірі. Республикалық баспасөзде 500-ден астам көсемсөздік материалдары мен ғылыми мақалалары жарық көрген.
Сондай-ақ Мұратбек Тоқтағазин қоғамдық жұмыстарға да белсене ат салысады. Ол ҚР Бас редакторлар клубының вице-президенті ретінде көптеген республикалық медиа-шаралардың өткізілуіне мұрындық болып жүр. Ұлттық «Әділет» апталығының редакторлар кеңесінің төрағасы жемқорлық пен бюрократизмге қарсы бағытталған көптеген талдамалы материалдардың жариялануына себепші болуда. Тағы бір атап көрсетерлік жайт, белгілі қаламгер «Қазақстан Республикасы астанасының үздік журналисі», республикалық «Асыл сөз құдіреті» конкурстарының лауреаты, «Қазақстанның мәдениет саласының үздігі», «Мәдениет майталманы» төсбелгілерімен марапатталған, Халықаралық М. Шолохов атындағы медальдің иегері. Қазақстан Журналистер одағының, Халықаралық ақпараттық бірлестігінің мүшесі.
Айта кетерлігі, Халықаралық ақпараттандыру академиясы ақпараттар табиғатын танып білу, ақпараттық технологиялар, экологиялық және ақпараттық-талдамалық қызмет, қоғамды ақпараттандыру және бірыңғай әлемдік ақпараттық бірлестік құру саласында пікірлестердің басын қосатын өзін өзі басқаратын тәуелсіз қоғамдық бірлестік болып табылады. Ол - елімізге танымал БАҚ өкілдері мен әр саладағы әйгілі ғалымдардың басын қосатын іргелі ұйым.