Мьянманың әскери соты соттаған Аун Сан Су Чжиге рақымшылық жасалды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Мьянманың әскери соты соттаған Нобель сыйлығының лауреаты Аун Сан Су Чжиге рақымшылық жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews-ке сілтеме жасап.

Мьянманың әскери соты соттаған Аун Сан Су Чжиге рақымшылық жасалды
Фото: succo/Pixabay

Мьянма хунтасы елдің бұрынғы демократиялық көшбасшысы Аун Сан Су Чжиге жартылай рақымшылық жасалғанын жариялады. Мәлімдемеде айтылғандай, бұл – 7 мың жазасын өтеушіні қамтыған рақымышылықтың тек бір бөлігі. Аун Сан Су Чжи өзіне тағылған 19 айыптың 5-еуінен босатылды. Алайда, оның бостандыққа қашан шығатыны нақтыланбаған.

Мьянманың бұрынғы мемлекеттік кеңесшісі 2021 жылдың басындағы төңкерістен кейін тұтқындалып, әскери сот оны бірнеше қылмыстық іс бойынша соттады. Оған сайлау заңнамасын бұзу және жемқорлық айыбы да тағылды. Жалпы алғанда 77 жастағы Аун Сан Су Чжи отыз жылдан астам уақытқа бас бостандығынан айырылды.

Ол тағылған айыптарды мүлдем мойындамады және қисынға келмейтінін айтты. Ал жақтастары «саясаткерді оқшаулау үшін хунта істі бұрмалады» деп санайды.

Аун Сан Су Чжиге рақымшылық жасалғаны туралы ақпарат Мьянмадағы төтенше жағдай режимі тағы алты айға ұзартылғаннан кейінгі күні жариялады. Бұл сайлау өткізу және елдегі азаматтық мемлекеттік басқаруды қалпына келтіру мүмкіндігіне көлеңке түсіреді.