ІІМ: Заңсыз қосымша отын бактарын пайдаланған 255 жүргізуші жауапқа тартылды
АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі істер министрлігі жанар-жағармай материалдарын заңсыз әкетудің жолын кесу мақсатында қосымша отын бактарымен заңсыз жабдықталған көліктерге бақылауды күшейтті.
Ведомство мәліметінше, мемлекеттік шекарадағы автомобиль өткізу бекеттерінің маңында 59 полиция бекеті жұмыс істеп тұр. Онда полиция қызметкерлері өзге мемлекеттік органдармен бірлесіп, шекарадан өтетін көлік құралдарын тексеріп жатыр.
Жыл басынан бері көлік құралдарын заңсыз қосымша отын бактарымен қайта жабдықтауға қатысты 255 құқық бұзушылық фактісі анықталған.
Осыған байланысты құқық бұзушылардың барлығы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 7-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде 195-і — шетел азаматы, 60-ы — Қазақстан азаматы.
ІІМ мәліметінше, заңсыз орнатылған қосымша отын бактары бөлшектелгеннен кейін көлік иелеріне кері қайтарылған.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда мемлекеттік шекара арқылы мұнай өнімдерінің тасымалдануына бақылау күшейгенін жазғанбыз. Мемлекеттік кірістер комитеті заңсыз әкетілген 16 мың литрден астам жанар-жағармай материалын анықтады.