М.Жолдасбеков ақын О.Сүлейменовтің ғылыми ерлігін атады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Олжас Сүлейменов азаматтық, адамзаттық поэзияны ғана жасаушы емес, хас зерттеуші, заманымыздың ғұламасы. Бұл пікірді бүгін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өтіп жатқан ақын Олжас Сүлейменовтің 80 жасқа толуына арналған «Әлем адамы» атты форумда мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков білдірді.
«Олжас Сүлейменов азаматтық, адамзаттық поэзияны ғана жасаушы емес, тапқыр, дәлмар, шешен ғана емес, терең зерттеуші, хас зерттеуші, заманымыздың ғұламасы. Оның «1001» сөз атты айтулы зерттеуінен бастап, ата-бабамыздың түп тамырынан бастап терең зерттеп, терең үңіліп жазған тарихи еңбектеріне біздің ғалымдарымыздың әлі тісі бата қойған жоқ. Жап-жас Олжастың орыс тарихы жөніндегі терең зерттеулеріне, өзіне дейінгі ғалымдардың айта алмағанын айтқанына, сөйтіп орыс ғалымдарын пүшайман қылғанына, тың ойларымен дәуірді дүр сілкіндірген талантына әлі күнге дейін таңданып жүремін», - деді М.Жолдасбеков.
Сонымен қатар ол О.Сүлейменовтің еңбектері орыстың мен-мен деген академиктерінің ойын ойран, басын дал қылғандығын атап өтті.
«Ғылымдағы ерлік деп міне осыны айтады. Олжастың бір ауыз сөзіне татымайтын, бірдеңе жазғансып, ғылым докторы, пәленнің академигі, түгеннің академигімін деп жүрген адамдар біздерде жетеді. Мен бұл атақтарды ешкімнен де қызғанбаймын. Бірақ, әділетсіздігі сол, біздің көптеген ғалымдар ғалым деген атақты өзінің биік дәрежесінде ұстай алмай жүр», - деді ол.