М. Жолдасбеков ҚР Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның төрағасы болып сайланды
Жиын барысында лингвистикалық комиссияның төрағасы болып Мырзатай Жолдасбеков, ал комиссия хатшылығына Фаузия Оразбаева сайланды.
Естеріңізге сала кетейік, лингвистикалық комиссияның жаңа құрамы бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында арнайы қаулысымен бекітілген болатын. Комиссия құрамы елімізге танымал тіл мен әдебиет саласының мамандарынан құралды. Атап айтқанда олар: Еуразия ұлттық университетінің түркітану кафедрасының меңгерушісі, Түрік әлемі Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков, Еуразия ұлттық университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Диқан Қамзабекұлы, ҚР Білім және ғылым министрлігі М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сейіт Қасқабасов, ҚР Білім және ғылым министрлігі А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлы, Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университетінің қазіргі қазақ тілі теориясы мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Фаузия Оразбаева.
Тоқтала кететін жайт, кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтау рәсімі де ОСК қаулысымен бекітіледі. Заңға сәйкес, кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгеруін анықтау азаматтың қажетті құжаттарды ОСК-ға тапсырған сәттен бастап, 5 күн ішінде жүргізіледі. Кандидаттар комиссия ұсынған тақырып бойынша көлемі 2 беттен аспайтын жазбаша тапсырманы орындайды, 3 беттен аспайтын мәтінді оқып, көпшілік алдында 15 минуттан кем болмайтындай сөз сөйлеуі бойынша да сынақтан өтеді.