Мадагаскардағы Гамане циклонынан 14 адам қаза тапты

дауыл
Фото: Ховар

АСТАНА. KAZINFORM – Мадагаскардың солтүстігінде «Гамане» циклоны соғып, 14 адам қаза тауып, жүздеген үй қирады. Бұл туралы Мадагаскардың ұлттық Тәуекелдер мен табиғи апаттарды басқару басқармасы хабарлады. 

Синьхуа ақпарат агенттігінің мәліметінше, дүлей дауыл сәрсенбі күні таңертең Мадагаскардың солтүстік шетінде болған. Желдің орташа жылдамдығы – 150 км/сағат, ал екпіні 210 км/сағат. Циклон салдарынан аталған аймақта толассыз жаңбыр жауған.

Табиғат апатынан елдің жеті облысында барлығы 36 307 адам, оның ішінде 9 024 үй шаруашылығы зардап шекті. 18 565 адам эвакуацияланды. Циклоннан кейінгі су тасқыны 6 675 үй мен 1 698 күріш алқабын су астында қалдырып, үлкен шығынға ұшыратты. 617 үй қирап қалды. 

Үнді мұхитындағы аралдың солтүстігінде соққан циклоннан кейін үйлерді су шайып, жолдарды бұзып өткен. Залалдың толық көлемі әлі белгісіз, өйткені аймақтағы көптеген ауылмен байланыс үзілген.

Метеорологтар Гамане циклоны жұма күні түстен кейін аралдан кетеді деп болжам жасап отыр.

Африканың оңтүстік-шығыс жағалауында орналасқан Мадагаскарда мұндай жағдайлар жиі болады. Бір жыл бұрын «Фредди» тропикалық циклоны аталған елде, сондай-ақ көршілес құрлықтағы Мозамбик пен Малавиге де қауіп төндірген еді. Ол кезде 500-ден астам адам қайтыс болды. 

Соңғы жаңалықтар