«Мәдени Азиада» аясында «Көшпенділер әлемі» атты концерттік шоу-бағдарлама болып өтті
Көркем концерт Астана қаласы әкімдігі мәдениет басқармасының бастығы Болат Мажағұловтың сөзімен ашылды.
«Бұл шоу - қазақ халқының сан ғасырлық бай да асыл мұрасын айғақтайтын әрі бүгінгі мәдениетіміздің жоғарғы деңгейін көрсететін көрініс», - деді өз сөзінде Б.Мажағұлов.
ҚР Президенттік мәдени орталығының тұңғыш ұлттық дәстүрлер театры 3000 жылдық тарихы бар көшпенділер өркениеті мәдени мұрасының, айрықша өмір салтының інжу-маржандарын паш еткен ұлттық салт дәстүрлерге қатысты көркем қойылымдарды сахналады.
Аталмыш жоба аясында түркілердің дәстүрлі саз өнері әуезді өрнектерінің көркемдігін айғақтайтын концерт, «Шеберлер ауылындағы» қайталанбас қолөнер туындыларының көрмесі, дала халқының атбегілік өнері мен қыз ұзату, тұсау кесер, шашу, отпен аластау сынды қазақтың ұлттық салт-дәстүрін бейнелейтін көркем көріністер салтанатты түрде жұртшылық назарына ұсынылды.
«Көшпенділер әлемі» этномәдени жобасы тамыры терең тарих тұңғиығында жатқан көне түркі өркениетінің тыныс-тіршілігі, болмыс-бітімі мен рухани дүниетанымынан сыр шертетін дала дәстүрінің бүгінгі күнгі мәдени айнасына айналып, шет елдік қонақтарға тарихта қайталанбас қолтаңбасы қалған қазақ мәдениетінің әлемдік өркениет кеңістігіндегі айрықша орнын әйгілеп берді.