«Мәдени Азиада» аясында көшпенділер әлемі таныстырылады

АСТАНА. 28 қаңтар. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Ертең, қаңтардың 29-ы күні Астанадағы «Көрме» кешенінде «Мәдени Азиада» жобасы аясында «Көшпенділер әлемі» ландшафтық шоу ұйымдастырылады.

«Мәдени Азиада» аясында көшпенділер әлемі таныстырылады

Сценарист Гүлнар Салықбайдың хабарлауынша, осы іс-шара өтетін 7 күн бойы түркі халықтарының әуені салтанат құрып, қазақтың ұлттық спорт ойындары мен салт-дәстүрлерінің көрмесі ұйымдастырылатын болады. «Келген қонақтар көрмені аралап қана қоймай, халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрімен етене таныса алады. Ол үшін арнайы адамдар қызмет етпек», - дейді Г.Салықбай.

Сондай-ақ алдағы уақытта «Мәдени Азиада» аясында «Қазақстанның жарқын болашағы» атты классикалық музыка концерті, балалар суреттері мен эсселер байқауының қорытындысы, «Сарыарқа» ұлттық ансамблінің концерті, Астана қаласы оркестрлерінің гала-концерті және тағы басқа мәдени-қоғамдық шаралар өтеді.