«Мәдени Азиада» аясында өткізілген суреттер мен эсселердің балалар арасындағы халықаралық байқауының жеңімпаздары анықталды

АСТАНА. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - «Мәдени Азиада» жобасының аясында өткізілген суреттер мен эсселердің балалар арасындағы халықаралық байқауының жеңімпаздары анықталды.

«Мәдени Азиада» аясында өткізілген суреттер мен эсселердің балалар арасындағы халықаралық байқауының жеңімпаздары анықталды

Бұл туралы 7-Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі Астана қалалық дирекциясынан мәлім етті.

Жұмыстарды қабылдау 1 желтоқсан күні аяқталды. Байқауға барлығы 450 сурет пен эссе келіп түсті. Балалар салған суреттердің дені «Мен және Ирби» тақырыбына арналған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауда қазақстандықтармен бірге Малайзия елінің балалары белсенділік танытқан. Айта кетейік, балалар арасында суреттер мен эсселердің байқауы - Азия ойындары шеңберінде ұйымдастырылатын дәстүрлі халықаралық жоба.

Қазылар алқасының құрамында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, суретші Камил Мұллашев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, өнертанушы Валентин Пак, Қазіргі заманғы өнер мұражайының директоры Нелли Шиврина болды.

7-12 жасқа дейінгі балалар арасындағы ең үздік суреттің авторы - Рәміл Мусин (Қазақстан, Хромтау қаласы), 13-16 жасқа дейінгі ең үздік суреттің авторы - Ahmad Ajmal Bin Ramlan (Малайзия, Шах Алам қаласы) атанды.

Ал эсселер бойынша байқауда 7-12 жасқа дейінгі балалар арасында Айдан Еңбекбай (Қазақстан, Шымкент қаласы), 13-16 жасар жеткіншектер арасында Jenny Cheah Mei Wan жеңімпаз болды.

Жеңімпаздарды марапаттау 30 қаңтар күні Астанада өтеді. Барлық қатысушылар ұйымдастырушылар атынан сертификаттар мен кәдесыйлар алады. Төрт жеңімпаз 2011 жылғы 30 қаңтар күні Астанада өтетін Ойындардың салтанатты ашылу рәсіміне шақыру билетін алады. Онымен бірге ең үздік екі сурет пен эссенің авторлары Мәдени Азиада жобасы аясында Астанада өтетін барлық іс-шараларға қатысу мүмкіндігіне ие болады.