Мәдени құндылықтар ұрлығымен күрес аясын халықаралық деңгейде кеңейте түсу қажет ? Ғ. Қасымов

АСТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Мәдени құндылықтар ұрлығымен күрес аясын халықаралық деңгейде кеңейте түсу қажет.

Мәдени құндылықтар ұрлығымен күрес аясын халықаралық деңгейде кеңейте түсу қажет ? Ғ. Қасымов
Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мәдени құндылықтарды ұрлауға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын талқылау барысында сенатор Ғани Қасымов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Мәдени құндылықтарды ұрлауға қарсы күресте, әсіресе оның қылмыстық құрамдас бөлігінде белгілі бір бағыт болуы қажет. Сонымен бірге, қазақ жеріндегі осындай құндылықтарды ұрлық жолымен әкету тек ТМД елдері аумағына ғана емес, батыс пен шығыс елдеріне де байланысты болып табылады. Сондықтан да, бұл бағыттағы жұмыс тоқтап қалмай, жандана түсуі керек. Сондай-ақ, тарихи, діни құндылықтар, археологиялық «олжалар», халықтың қолданбалы өнерлері белгісіз жағдайда, ұрлық жолымен батысқа ағылып жатыр. Осы тұрғыдан алғанда бұндай қылмысқа қарсы күресте бірігу қажет. Сол үшін бұл бағытты тек ТМД мемлекеттерімен ғана байланыстырып қоймай, ынтымақтастық аясын кеңейте түскен абзал», деді Ғани Қасымов. Оның айтуынша, Қазақстан БҰҰ, ЮНЕСКО шеңберінде және осы мақсаттағы ұйымдармен бірлесіп, мәдени құндылықтарды ұрлаумен күресті халықаралық ынтымақтастық деңгейінде жандандыруы қажет.