«Мәдени мұра» аясында Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің барлығы қайта жөнделуі тиіс - М. Құл-Мұхаммед
А. Қарашаның 18-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑«Мәдени мұра» аясындағы бас жоспар бойынша Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің барлығы жүйелі түрде кезең-кезеңімен жөндеуден өткізілуі тиіс.
Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі барысында ведомство басшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасының атына тікелей желіде келіп түскен сауалдарға тоқтала келе, осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2003 жылы Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша жасалған «Мәдени мұра» бағдарламасы бастапқыда үш жылдық мерзімге арналған болатын. Бірақ, ұлттық мәдениеттің дамуына көп ықпал ететін маңызды бағдарлама әлі күнге дейін жалғасып келеді. Елбасының тапсырмасы бойынша алдағы уақытта да бұл шара жалғасын табады. Бұл шара аясында біз өз тарихымызда тұңғыш рет Қазақстанның өз ішіндегі тарихи-мәдени ескерткіштермен бірге, шет елдердегі ұлттық-мәдениетімізге қатысты тарихи ескерткіштерді қайта жөндеуден өткізуді қолға алдық. Қазіргі мәліметтер бойынша Дамаскідегі Сұлтан Бейбарыс кесенесіне жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Египет тарапымен бірлесе отырып Каир қаласындағы Сұлтан Бейбарыс мешітінің жұмыстарын да жалғастырудамыз», деді ҚР Мәдениет және ақпарат министрі.
Сонымен бірге, аталған бағдарлама аясындағы министрліктің стратегиялық жоспарына тоқталған М. Құл-Мұхаммед, бұл ретте ағымдағы жыл соңына дейін еліміздегі 8 тарихи-мәдени ескерткіште жөндеу жұмыстары аяқталатынын мәлім етті. «Бұдан басқа, «Мәдени мұра» аясында бас жоспар әзірлеу қолға алынған болатын. Ол бойынша Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің барлығын жүйелі түрде кезең-кезеңімен жөндеуден өткізу жоспарланды», деді М. Құл-Мұхаммед.