13:13, 28 Ақпан 2009 | GMT +5
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының 2-ші кезеңі басталды
АЛМАТЫ. Ақпанның 28-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ – Бүгін Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында 2009-2011 жылдарға арналған «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасын жүзеге асыру жөніндегі қоғамдық кеңестің алғашқы отырысы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед пен ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевтың, ҚР Президенті Әкімшілігінің өкілдерінің қатысуымен өткен отырыста «Мәдени мұра» бағдарламасының қорытындысы мен бағдарламаның екінші кезеңінің ерекшеліктері, биылғы жылға арналған негізгі міндеттер, қоғамдық кеңестің жұмысы, бағдарлама аясында жинақталған жәдігерлерді оқулықтар мен оқу бағдарламасына енгізу мәселелері қарастырылды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрі М.Құл-Мұхамедтің айтуынша, бүгін басталатын «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасы осыдан 5 жыл бұрын қолға алынған бағдарламаның 2-ші кезеңі болып табылады. «2003 жылы ақпанда Елбасы Қазақстан халқына арналған Жолдауында «Мәдени мұра» бағдарламасын жасап, 3 жыл мерзім ішінде жүзеге асыруды тапсырған болатын. Содан бергі 5 жылда бағдарлама табысты жүзеге асырылды. Енді тағы 3 жыл мерзімге арналған екінші кезеңі басталды. Біздің алдымызда жас ұрпаққа мол мұрамызды жеткізу жолында қазір стратегиялық жоба болып аталған 2-ші кезеңді ойдағыдай жүзеге асыру міндеті тұр», деді М.Құл-Мұхаммед. Отырыс барысында қоғамдық кеңестің жаңа мүшелері таныстырылып, 2009 жылғы жұмыс жоспары талқыланды. ҚР Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімі бастығының орынбасары Әлібек Асқаровтың айтуынша, «Мәдени мұраның» 2-кезеңінің бағыты да, міндеті де өзгешелеу. Ол осы бағытта қоғамдық кеңес секцияларының жетекшілеріне жұмыс тобын жаңартып, жұмыс жоспарын жасауды тапсырды. Қоғамдық кеңестің тамыз, қараша айында 2 рет отырысы, сондай-ақ Түркістан мен Берелде 2 көшпелі мәжілісі өткізілетін болып белгіленді.