«Мәдени мұра» жобасы аясында 2009 жылы 49 оба мен қалашықтарға археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді
Бүгін Астанада өткен 2009-2011 жылдарға арналған «Мәдени мұра» Ұлттық стратегиялық жобасын жүзеге асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
М. Құл-Мұхаммедтің айтуынша, солардың ішінде алдыңғы жылдары басталған археологиялық қазбалар Ақмола облысындағы Бозоқ, Алматы облысындағы Есік, Қойлық, Талғар, Атырау облысындағы Сарайшық, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Жуантөбе, Отырар, Шығыс Қазақстан облысындағы Берел, Шілікті, Жамбыл облысындағы Ақыртас, Батыс Қазақстан обылысындағы Қырық оба, Қарағанды облысындағы Тоқтауыл, Айбас, Кент, Талдысай және тағы да басқа қоныстар мен қалашықтарда жалғасын тапты. «Мұндай археологиялық зерттеулер бір жылдың ішінде бітетін шаруа емес. Ол кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Археологиялық қазба жұмыстары адамнан төзімділікті қажет етеді. Кейбір археологтар бүкіл ғұмырын бір қаланы қазып, зерттеуге арнайды. Оның өзін бітере алмай, шәкірттеріне табыстап кетіп жатады. Сондықтан бұл мәселеге келгенде, нәтиже неге жоқ деп айтуға болмайды. Бұл уақытымен жүзеге асырылатын дүние», деді министр.