«Мәдени мұра» жобасы аясында былтыр 26 тарихи-мәдени нысандарға қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді - М. Құл-Мұхаммед
Бұл туралы бүгін Астанада өткен 2009-2011 жылдарға арналған «Мәдени мұра» Ұлттық стратегиялық жобасын жүзеге асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген тарихи-мәдени нысандардың ішінде Қапшағайдың түбіндегі Тамғалытас петроглифтерінде, Ақтөбе облысындағы Қарағұл, Қызылорда облысындағы Ақанас, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қарашаш Ана кесенелерінде қалпына келтіру жұмыстары аяқталды.
«Бұл нысандардың барлығы дерлік Елбасының тапсырмасы бойынша қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізінің бойында орналасқан. Келешекте осы көлік дәлізінің Қазақстан аумағындағы учаскесінің бойларында көптеген мейрамханалар мен автобекеттер салынатын болады. Келген адамдар сол өңірдің тарихымен танысқан кезде жоғарыдағы кесенелерді көру мүмкіндігіне ие болады», деді министр.