«Мәдени мұра» жобасы аясында жергілікті маңызы бар ескерткіштердің тізіміне 11 мың нысан енгізілді - М. Құл-Мұхаммед

АСТАНА. Қыркүйектің 23-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ -«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ағымдағы жылы жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімі бекітіліп, оған 11 мың нысан енгізілді. Бұл туралы Астанада өткен Мәдениет министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде министр Мұхтар Құл-Мұхаммед айтты.

«Мәдени мұра» жобасы аясында жергілікті маңызы бар ескерткіштердің тізіміне 11 мың нысан енгізілді - М. Құл-Мұхаммед

Оның айтуынша, бұрындары республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғаумен шектеліп келгенбіз. Ал, «Мәдени мұра» жобасы аясында тәуелсіздік жылдары ішінде алғаш рет биыл жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізімі бекітілді. «Өңірлік маңызы бар ескерткіштердің кейбіреулері әсіресе құрылыстың қарқынды дамуына байланысты әрі құрылыс компанияларының әртүрлі сылтауының салдарынан жойылып кетудің аз-ақ алдында болды. Бұған жол бермес үшін жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізімі алынып, мемлекеттік реестр жасалды, оған 11 мың нысан енгізілді. Бұны біздің министрліктің соңғы екі жыл ішінде жасаған нәтижелі жұмыстарының бірі деп айтуға толық негіз бар», деді министр алқада.