«Мәдени мұра» жобасы басқа елдермен қарым-қатынаста қазақтың еңсесін тік ұстап сөйлесуіне мүмкіндік береді
АЛМАТЫ. Маусымның 10-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Мәдени мұра» жобасы қазақтың басқа елдермен қарым-қатынаста еңсесін биік ұстап сөйлесуіне мүмкіндік береді. Бұл Алматыда өтіп жатқан «Тарихи-мәдени мұраның өркениеттер диалогындағы рөлі» деп аталатын халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда айтылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Мәдени мұра» ұлттық жобасы еліміздің арғы-бергі тарихына байланысты деректерді жүйелендіруге арналған. Ондағы басты мақсат - біз кімбіз деген сұраққа жүйелі жауап беру. Жалпы, диалог болу үшін және оған қатысу үшін алдымен осы сұраққа жауап беру керек. Сол себепті де «Мәдени мұра» жобасын Елбасының кемел шешімі деуге болады», дейді Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Арман Қырықбаев. Оның пайымдауынша, бұл қазақтың етек-жеңді жию деген сөзін еріксіз еске түсіреді. Жалпы мұраларымызды түгендеп, өзіміздің кім екенімізге жауап берсек, өркениеттер диалогы болсын, басқа елдермен қарым-қатынаста болсын кеудемізді көтеріңкі, еңсемізді тік ұстап сөйлесуге мүмкіндік аламыз.