«Мәдени мұра» жүзеге асқалы бері 40 археологиялық және 26 ғылыми-қолданбалы зерттеулер жүргізілді - Мәдениет министрі

АСТАНА. 6 маусым. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - «Мәдени мұра» бағдарламасы жүзеге асқалы бері 40 археологиялық және 26 ғылыми-қолданбалы зерттеулер жүргізілді.

«Мәдени мұра»  жүзеге асқалы бері 40 археологиялық және 26 ғылыми-қолданбалы зерттеулер жүргізілді - Мәдениет министрі

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед осылай мәлім етті.

«Мәдени мұра» бірегей стратегиялық жобасы жеті жыл бойы табысты жүзеге асып келеді. 2004 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған бағдарлама тарихи-мәдени мұраны енгізуге қатысты орасан зор жұмыстарды атқаруға мүмкіндік берді. Жоба іске асырылған жылдар ішінде 40 археологиялық және 26 ғылыми-қолданбалы зерттеулер жүргізілді. Олардың барлығы ғылымға мыңнан артық артефактілер берді. Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей, Жапония, Египет, АҚШ және Батыс Еуропа елдеріне жасалған ғылыми-іздестіру экспедицияларының нәтижесінде 5 мыңнан астам тарих, этнография мен өнерге қатысты аса құнды мұрағат құжаттары қайтарылды. Тегінде, бұл ұлт тарихындағы «ақтаңдақтардың» орнын толтыру десем қателеспеймін», - деді Мәдениет миниситрі М. Құл-Мұхаммед. Оның айтуынша, «Қазқайтажаңғыру» мекемесінің күшімен тарих пен мәдениеттегі аса маңызды 73 ескерткіш қайта қалпына келтірілген. Бұл нысандардың басым бөлігі ұлттық брендке айналған.

«Өткен жылы реставрарациялық жұмыстардың нәтижесінде шетелдегі 2 нысанға, республикамыздың 12 облысында орналасқан 19 ескерткішке, Дамаскідегі Әз-Захир Бейбарыс Сұлтан кесенесіне қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді», - дейді министр.