Мәдениет министрі Алматы облысындағы көне қалашықтарда болды

Ведомство басшысы қорық-музейдің тыныс-тіршілігімен және ондағы ғалымдардың халықаралық ғылыми экспедициялары барысында табылған жәдігерлермен танысты. Сондай-ақ министр Талхиз, Рахат және Өрікті көне қалашықтарында болып, қазақстандық археологтармен кездесті.
«Есік» қорық-музейі Қазақстанда алғашқылардың бірі болып ғылыми және ғылыми-техникалық жұмыс нысаны ретінде археологиялық зерттеулер жүргізуге лицензия алып, мемлекеттік аккредитациядан өткен болатын. Дәл осы Есік қорғандары арасында Қазақстанның баға жетпес археологиялық олжасы - «Алтын адам» табылған болатын.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда жергілікті билікпен Талхиз қалашығын «Есік» қорық-музейі қарамағына өткізу мәселесі қаралып жатыр. «Ең бірінші кезекте жер-кадастрлік мәселелерді шешіп алу керек. Сондай-ақ біз тарихи-мәдени нысандардың туристерге қолжетімділігін, инфрақұрылымы мен коммуникацияларын жақсарту жөнінде әңгімелестік. Бұл жерде туристерге сапалы сервис көрсететін визит-орталықтар салу қажет», - деп атап өтті Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Естеріңізге сала кетейік «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі Елбасы тапсырмасымен «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 2010 жылдың 30 қаңтарында құрылған болатын. Қазіргі таңда бұл ғылыми орталық түрлі халықаралық ұйымдармен және археологтармен Алматы облысы аумағында археологиялық зерттеулер жүргізуде.