Мәдениет министрі ұлттық кино өндірісімізде ілгерілеушілік бар деп есептейді
![None None](/static/img/plug.webp)
«2004, 2005 және 2006 жылдары елімізде 1 жылда 1-2 фильм шығатын. Тіпті сынайтын да фильмдер жоқтың қасы еді. Құдайға шүкір, қазір жұрт сынайтын фильмдер де түсіріліп жатыр. Егер шыққан фильмді жұрт сын тезіне алады екен, ол фильм жөнінде пікірталас өрбиді екен, демек туындының арғы жағында бірдеме бар деген сөз», деді алқада М. Құл-Мұхаммед.
Оның айтуынша, кино прокаттағы отандық фильмдердің үлесі артып келеді. Бұл ретте қазақ кинематографиясында жастары 20 мен 40-тың арасындағы режиссерлердің қатары көбеюде. «Әсіресе 30-ға толмаған жастардың фильм түсіре бастауы қуантады», деді министр.
Дейтұрғанмен, М. Құл-Мұхаммед отандық кино индустриясында кемшіліктер де аз еместігіне тоқтала келе: «Алдағы уақытта еліміздің кино өндірісі тиісті деңгейде дамиды деп ойлаймын», деді.
«Қазақфильмнің ағымдағы жылғы тағы бір жетістігі Елбасының халықаралық деңгейдегі қызметі жөнінде 9 фильм түсірді. Бұл бұрын-соңды болмаған дүние. Елімізде кезінде «Қазақтелефильм» дейтін деректі фильм түсіретін кино студия болған. Ол қазір құрып кетті. Бүгінгі таңда әртүрлі телеарналарда деректі фильм түсіруді жолға қоюдамыз. «Қазақфильм» биылдың өзінде елімізге белгілі өнер, мәдениет спорт және музыка қайраткерлер туралы, тіпті замандастарымыз жөнінде де деректі фильмдер түсіруге кірісіп кетті. Бұл өте дұрыс», деді министр.