Мәдениет министріне Шиелідегі көшеге Руслан Бөлебайдың атын беру өтініші жасалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алан Бесен есімді азамат блог арқылы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына жазған хатында Қызылорда облысындағы Шиелі кентіндегі көшелердің біріне журналист Руслан Бөлебайдың есімін беруге жәрдемдесуді сұрады.

Алан Бесен өз хатында 2016 жылдың 17 шілдесінде Р. Бөлебайдың көлік апатынан қаза болғанына 7 жыл толатындығын айта келе, журналист жұлдыздай жарқ етіп, жоқ болғанын, сондай-ақ 25-ке де жетпей, елге кең танылып үлгерген журналист екенін атап өткен.

«Құрметті Арыстанбек Мұхамедиұлы! «Тұрақты даму» Жер қорының, жастар ұйымдарының, Қазақстан Республикасының мәдениет және журналистика қайраткерлерінің  атынан Руслан Бөлебайдың туған елді мекені Шиелі кентіндегі көшеге, саябаққа оның атын беру мүмкіндігін қарастыруды сұраймын",-делінген А. Бесенннің өтінішінде.

Өз кезегінде министр тілдер туралы заңнамаға сәйкес,  елді мекендердегі көшелерге Қазақстанға және әлемдік қоғамдастыққа еңбегі сіңген танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылым мен мәдениет қайраткерлерінің есімдері берілетіндігін атап өткен.

Сонымен қатар ол «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылымы туралы» Заңы бойынша көше атауын өзгерту облыстық ономастикалық комиссияның қорытындысы негізінде ауылдың, кенттің, ауылдық округ әкімінің шешімімен мүмкін болатындығын жеткізді.

«Осыған байланысты бұл өтінішті жергілікті атқарушы органдарға жолдауды сұраймыз. Сонымен қатар Руслан Бөлебайдың атымен көшені атау туралы Сіздің ұсынысыңыз Қызылорда облысының әкімдігіне бағытталды. Олар өз кезегінде заңнамаға сәйкес, қарастырып, тиісті шараларды қабылдайды»,-деп атап өткен министр. 

Соңғы жаңалықтар