Мәдениет министрлігі креативті индустрияны дамытудың басым бағыттарын атады
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл Мәдениет және ақпарат министрлігі БҰҰ Даму бағдарламасымен бірге «креатившілерді», сарапшылар мен өңірлік өкілдерді белсенді тарта отырып, креативті индустрия саласына жан-жақты сараптама жасауды жоспарлап отыр.
Сараптама қорытындысында ағымдағы жағдайды, жаһандану мен әлемдік трендтерді ескере отырып, 2024-2029 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Креативті индустрияны дамытудың жаңа бағдарламасы әзірленеді.
Мәдениет және ақпарат министрлігі агенттік тілшісінің ресми сауалына берген жауабында креативті индустрияны дамытудың басым бағыттарын атады.
Креативті индустрияны дамытудың басым бағыттары:
Өңірлік ерекшелік. Креативті экономиканың басым түрлерін бөлу үшін әрбір өңірге сараптама жүргізу және бірегей қажеттіліктерін анықтау. Бұл әрбір жергілікті жердің әлеуетін пайдалануға және мықты жағын дамыту үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Заңнамалық қолдау. Креативті индустрияны ынталандыруға және қолдауға, олардың дамуы үшін қолайлы құқықты орта қалыптастыруға бағытталған «Креативті индустрияны қолдау және дамыту мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылдау.
Қаржылық құралдарды қалыптастыру. «Креатив хабы» халықаралық орталығы» корпоративтік қорын және креативті индустрия саласындағы дарындарды қаржыландыру әрі қолдау үшін инвестициялық тетіктер құру.
Инфрақұрылымдық даму. Инфрақұрылымдар мен алаңдарды қамтамасыз ету үшін өңірлерді креативті хабтар мен орталықтар құру. Бұл жерлерде дарынды жастар өз идеяларын жүзеге асырып, тәжірибе алмасады, жобаларын жүзеге асырады.
Стратегиялық жоспарлау. Креативті индустрияны дамытудың ұзақ мерзімді стратегиясын жасау үшін 2024-2029 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Креативті индустрияны дамытудың жаңа бағдарламасын әзірлеу және бекіту.
Ілгерілету және іс-шаралар. Тәжірибе алмасу, өзекті мәселелерді талқылау, индустрияның әлеуетін анықтау және қолдау мақсатында Мемлекет басшысының, креативті индустрия өкілдерінің қатысуымен халықаралық форум өткізу.
Білім және халықаралық ынтымақтастық. Креативті индустрия саласындағы білім жүйесін дамыту, саланың сапасын және бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында тәжірибе алмасу үшін халықаралық сарапшыларды тарта отырып, мамандарды оқыту және дайындау.
«Мұндай кешенді шаралар тек креативті индустрия өсімін ынталандырып қана қоймай, дарынды адамдарға қолайлы жағдай жасайды, экономиканы дамытуға септігін тигізіп, әлемдік ауқымда елдің бәсекеге қабілеттлігін арттырады», - деді министрліктен.