Мәдениет министрлігі «Әл-Фараби жолымен» халықаралық экспедициясын ұйымдастырады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әбу Насыр әл-Фарабидің 1 150 жылдығы аясында Мәдениет және спорт министрлігі «Ұстаздың оралуы» деректі фильмін түсіріп, еліміздің барлық музейі мен кітапханасында тақырыптық көрме өткізуді жоспарлап отыр, деп хабарладйы ҚазАқпарат тілшісі.

Мәдениет министрлігі «Әл-Фараби жолымен» халықаралық экспедициясын ұйымдастырады

«Күні кеше Алматы қаласында «Әлемнің екінші ұстазы» Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың 1 150 жылдық мерейтойын бастаудың рәсімі халықаралық деңгейде өтті. Қазақ ұлттық университетінде «Әбу Насыр әл-Фараби атындағы орталық» ашылды. Бұл ретте биылғы жылы атап өтетін маңызды іс-шаралар барысында ысырапшылдық пен науқаншылдыққа жол берілмейтіндігіне баса назар аударғым келеді», - деді Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова министрліктің кеңейтілген алқа отырысында.

Министр сондай-ақ, «Әл-Фараби жолымен» халықаралық экспедициясын ұйымдастыру, Сириядағы Дамаск қаласында орналасқан «Әл-Фараби» кесенесінің макеттік көшірмесін Түркістан облысындағы Отырар музей-қорығының аумағында орнату мәселесі қосымша пысықталып жатқанын айтып өтті. Бұдан бөлек ғалым туған Оқсыз қалашығының археологиялық және ғылыми зерттеу жоспарланып отыр.