Мәдениет министрлігі кейбір спорт түрлері бойынша бірыңғай стандарт әзірлеуді жоспарлап отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Мәдениет және спорт министрлігі кейбір спорт түрлері бойынша балалардың жас және физиологиялық ерекшеліктерін ескеретін стандарт әзірлеуді жоспарлап отыр.
None

Бұл туралы Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбектің Қазақстандағы ДДҰ елдік кеңсесінің ұлттық үйлестірушісі Лаура Өтемісовамен кездесуінен мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің Telegram каналына сілтеме жасап.

Кездесуде тараптар балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын жақсарту бағытындағы іс- шараларды талқылады. Нақтырақ айтқанда балалардың шектен тыс семіздігі және отырықшы өмір салты, дұрыс тамақтану, жарақат алу, физикалық белсенділік сияқты мәселелер сөз болды.

Тараптар өскелең ұрпақ арасында дене шынықтыру мен спортты насихаттау басымдыққа ие болуға тиіс екенін, алайда осы екі ұғымды ажыратып, спорттық даярлықтың ұлттық стандартын енгізу қажет екенін атап өтті.

«Балалар мектепке белгілі бір жастан бастап барады, сондықтан балалардың физиологиялық және психологиялық ерекшеліктерін және олардың физикалық белсенділікке дайындығын ескеретін кейбір спорт түрлері бойынша бірыңғай стандартты белгілеуіміз керек. Егер бала кейбір спорт түрлерімен тым ерте айналыса бастаса, бұл оның физикалық немесе психикалық денсаулығына зиянын тигізуі мүмкін. Әсіресе, жекпе-жек түрлері туралы айтатын болсақ. ДДҰ сарапшыларымен бірге осындай стандартты әзірлегіміз келеді»,-деді Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек.

Өз кезегінде Лаура Өтемісова ДДҰ-ны жарақаттану тәуекелі жоғары спорт түрлері бойынша жас шектеулері мәселесінде қазақстандық тарапқа кеңес беруге дайын екендігін мәлімдеді.

«Бізде физикалық белсенділік мәселелерімен айналысатын бөлім бар. Атап айтқанда, осындай зерттеулер жүргізетін Португалиядан келген сарапшылар жұмыс істейді. Сонымен қатар, бұл мәселеде Қазақстан үшін басқа елдердің озық тәжірибелерін зерделеуге және талдауға дайынбыз», – деді ДДҰ-ның Қазақстандағы кеңсесінің ұлттық үйлестірушісі.


Соңғы жаңалықтар