Мәдениет министрлігі мемлкеттік тіл мәртебесін арттыруға бағытталған бірқатар іс-шараларды жүзеге асырады

ТАНА. 9 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Мәдениет министрлігі мемлекеттік тіл мәртебесін арттыруға бағытталған бірқатар іс-шараларды жүзеге асырады.

Мәдениет министрлігі мемлкеттік тіл мәртебесін арттыруға бағытталған бірқатар іс-шараларды жүзеге асырады

Бұл туралы бүгін Мәдениет министрлігінде өткен жиын барысында министрліктің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева мәлім етті.

«Соңғы уақыттарда еліміздегі тіл мәселесіне қатысты аса маңызды құжаттар қабылданды. Атап айтсақ, маусым айының соңында Елбасы Тілдерді дамытудың 2011-2020 жылдарға дейінгі мемлекеттік бағдарламасына қол қойды. Сонымен қатар, шілде айының соңына таман Үкімет басшысы бағдарламаны жүзеге асыруға негізделген іс-шаралар жоспарын бекітті. Аталмыш екі маңызды құжат аясында Мәдениет министрлігі бірқатар жұмыстарды жүзеге асырып келеді. Біріншіден, біз мемлекеттік тілді дамытуға қатысты заңнаманы жетілдіруді қолға алып отырмыз. Сонымен қатар, мемлекеттік тілді үйрету стандарттар технологиясын әзірлеу жүзеге асып, әдістеме базасы нығайтылады. Үшіншіден, мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты қоғамдық сананы арттыратын жобалар жүзеге асады», - деді Ж. Құрманғалиева.

Жауапты хатшының айтуынша, бағдарламаны жүзеге асырудың бірінші кезегінде тілдерді дамытуға қатысты заңнаманы қабылдаумен қатар, ономастика, терминология саласындағы жұмыстарды бірыңғайлау көзделеді. «Бұл ретте мемлекеттік тілде оқытудың бірегей стандарт-технологияларын әзірлеп, енгізудің маңызы зор болмақ. Бүгінгі күні басты проблема осы болып отыр. Елімізде 101 тіл үйрету орталықтары қызмет етсе, олардың әрқайсысының мемлекеттік тілді үйретуге қатысты өзіндік әдістемелері бар. Қазіргі таңда Тілдерді дамыту комитеті «ҚазТестпен» мемлекеттік тілді оқытудың бірегей стандарт-технологиясын әзірлеу бойынша келісімшарт жасады. Бұл халықаралық талаптарға сәйкес, 6 деңгейден тұрады», - дейді Ж. Құрманғалиева. Оның айтуынша, қоғамдық санада мемлекеттік тілдің оң имиджін қалыптастыру мақсатында 2 үлкен тележоба түсірілуде. Бұның бірі реалити-шоу болса, екіншісі мемлекеттік тілге оқытудың телебағдарламасы.