Мәдениет министрлігі Тәуелсіздіктің 20 жылдығы мен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арнап бірқатар шаралар өткізеді

АСТАНА. 27 мамыр. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет министрлігі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен 31-мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін атап өту аясында Астана қаласы мен ел көлемінде бірқатар маңызды шаралар өткізеді.

Мәдениет министрлігі Тәуелсіздіктің 20 жылдығы мен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арнап бірқатар шаралар өткізеді

Жазықсыз жапа шеккен жандарды еске алуға арналған іс-шаралардың бірқатары мамыр айының басында басталып та кетті. Тағы бір легі 15 мамырдан басталып, бүгінгі күнге дейін жалғасуда. Мәселен, Астана қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханада «Тарих, уақыт және заман» атты көрме өтті. 16 мамырдан бастап, аталмыш кітапхана мен облыстық кітапханаларда Мәдениет министрлігі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының бірлесіп ұйымдастыруымен «Толеранттық, ғылым және қоғамдық келісім күндері» өтуде.

Ал 30, 31-ші мамыр күндері Астанадағы және еліміздегі барлық мұражайларда, кітапханаларда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған тақырыптық көрмелер мен экспозициялар ұйымдастырылмақ.

Сондай-ақ, 31-ші мамырда Ақмол ауылындағы «АЛЖИР» тоталитаризм мен саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалдық-мұражайда гүл шоқтарын қою рәсімі мен Әзербайжан елшілігінің естелік тақтасының ашылуы өтеді. Осы күні Астана қаласындағы «Іскер» бизнес орталығында «ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін: тарих және тағдыр» атты ғылыми-тәжірибелік конференция болады.

«Аталған шаралардан өзге, облыс, аудан және ауыл әкімдіктерінде мұражайлар мен мемориалдар ауласын тазалау, гүл шоқтарын қою, қарттармен, қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтарымен, саясаткерлермен және тарихшылармен кездесулер, сұхбаттар және дөңгелек үстелдер ұйымдастырылатын болады», - делінген ведомство баспасөз қызметінің таратқан хабарламасында.