Мәдениет министрлігі Тілдерді дамыту бағдарламасын атқару жөніндегі қоғамдық кеңес құруға бастама жасады

ТАНА. 9 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - ҚР Мәдениет министрлігі 2011-2020 жылдарға арналған Тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі қоғамдық кеңес құруға бастамашылық жасады.

Мәдениет министрлігі Тілдерді дамыту бағдарламасын атқару жөніндегі қоғамдық кеңес құруға бастама жасады

Бұл туралы бүгін аталған ведомствода өткен жиын барысында Мәдениет министрлігінің Жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева мәлім етті.

Жауапты хатшының айтуынша, аталған кеңес ең алдымен тіл мәселесіндегі диалогтық алаң ретінде қалыптасатын болады. «Бұндай диалогтық алаңды құрудың қажеттілігі не? Сараптамалық зерттеуерге сүйенсек, қазақтілді және орыс тілді баспасөздің кез келген мәселедегі күн тәртібі әртүрлі. Тіпті жаңадан жасалып жатқан заң жобалары бойынша әрқилы пікірлер айтады. Сондықтан да, біз барлық мүдделі тараптарды, жақтастар мен қарсыларды да қатыстыратын алаң құрғымыз келеді. Өйткені, біз бір елде тұрамыз әрі қоғам тұрақтылығына бәріміз жауаптымыз. Бұл ретте мемлекеттік тіл мәселесі ұлттық бірліктің факторы болуы шарт», - деді Ж. Құрманғалиева.

Оның айтуынша, аталған қоғамдық кеңеске мүше болу барынша ашық. Бұл ретте til@ok.kz пошта жәшігіне кез келген азамат, кез келген ұйым өздерінің қоғамдық кеңес жұмысына қатысу ниеттерін жолдай алады. «Қоғамдық кеңес тіл заңнамасын жетілдіруге және тіл төңірегіндегі барлық бағыттарға байланысты ұсынымдар әзірлейтін болады. Сонымен қатар, тілдерді оқыту әдістемелері, инновациялық жобаларына қатысты халықтық сараптама да жүргізіледі. Қандай әдістеме дұрыс, қайсы жұмыс жетілдіруді қажет етеді, осының бәрі қоғамдық кеңесте талқыланады», - деді Ж. Құрманғалиева.