Мәдениет пен өнер, ғылым мен білімінің дамуына атсалысып жүрген қор құрытайшысы "Жыл ұйымы" деп танылды
АЛМАТЫ. 28 қазан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - "Бауыржан" қайырымдылық қорының "Жыл ұйымы" аталымындағы "Алтын жүрек" сыйлығы биыл "Алтын қыран" компаниялар тобы" ЖШС-не берілді.
Ол аса ірі қайырымдылық жобалары мен акцияларды қолдағаны үшін, қайырымдылық көмегінің жаңа тиімді пішіндерін енгізіп, қоғамдағы маңызды шараларға бас демеуші болғаны үшін заңды тұлғаларға берілетін дәстүрлі марапат. Исламбек Төлеубайұлы басшылық жасайтын компания биыл қаңтар айында комерциялық емес "Алтын қыран" қорын құрған болатын. Қордың алдына қойған басты мақсаттары - ел мәдениеті, өнері, ғылымы мен білімінің дамуына атсалысу. Қазақстанның аталмыш салаларға еңбегі сіңген қайраткерлеріне қолдау көрсету. Отансүйгіштікті, ұлттық салт-дәстүр, тәлім-тәрбие нормалары мен мәдени құндылықтарды дәріптеу. Мемлекеттік тілдің дамуына атсалысу. Қоғамда салауатты өмір салты, дене тәрбиесі мен спортты насихаттау. Тұрмысы нашар адамдарға, қарттарға, мүгедектерге, жетім балаларға, жағдайы жоқ оқушылар мен студенттерге қол ұшын беру. Сондай-ақ талапты, талантты азаматтарды ел ішінен тауып, көтермелеу болып табылады.
«Алтын қыран» компаниялар тобы" ЖШС-і республика кинотеатрларында 23 маусымынан бастап көрсетіле бастаған Уолт Дисней компаниясы түсірген «Көліктер-2» мультфильмінің қазақ тіліндені нұсқасын дубляждау жұмысына атсалысты. Оған ресурстық, кадрлық және қаржылай көмек көрсетті. Астана қаласында 27-сәуірде өткен «МузАРТ» тобының 10 жылдық мерейтойлық концертін және Алматыда 7-мамыра болған дирижер, скрипкашы Ахан Мейірбековтың «Шекарасыз музыка» деген концертін өткізуге қаржылай көмек көрсетті. Қазақстандық «Бал-бала» бренді бойынша шығарылған 715 ойыншықты сатып алып, оны жетім балаларға арналған 6-республикалық «Таңшолпан» байқауының 180 қатысушысына, 31 мемлекеттік балалар бақшасы мен Астана қаласындағы SOS-қалашығының 405 баласына таратты. Қазір ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп республикадағы 7500 мектептің қазақ тілі мұғалімдері мен оқушыларына әдістемелік құрал есебінде DVD-тасымалдаушы арқылы таратылатын «Абайды оқы, ерінбе» бейнебаяндамалар топтамасын дайындап жатыр.