Мәдениет пен өнер жөніндегі ұлттық кеңес құрылуы керек - Арыстанбек Мұхамедиұлы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда мәдениет пен өнер жөніндегі ұлттық кеңес құру көзделеді. Бұл туралы Парламент Сенатында Қазақстан Республикасындағы жаңа Мәдениет саясатының тұжырымдама жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстелде ҚР Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті.

  Мәдениет пен өнер жөніндегі ұлттық кеңес құрылуы керек - Арыстанбек Мұхамедиұлы

«Бүгінгі күні еліміздің мәдениет саласында бірегей бағыт жоқ. Айталық, егер мәдениет пен өнер саласындағы білім ошақтары Білім министрлігіне қарасты болса, өңірлердегі мәдени нысандар жергілікті органдардың қарамағында. Осылайша, мәдени нысандар арасында өзара әрекеттестік, өзара байланыс жоқ. Сондықтан жаңа тұжырымдама аясында біз ауқымды міндетті алға қоя отырып, ең бірінші кезекте Ұлттық кеңес құру туралы ұсыныс жасап отырмыз», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Бұл ретте министр қазіргі таңда Президент жанында да, Үкімет жанында да мұндай кеңес жоқ екенін айта келе, өңірлік құрылымдармен өзара әрекеттестікті жандандыру бағытында ұлттық кеңес құрудың маңызы зор екенін атап өтті.

«Бүкіл әлем бірігу бағытында дамиды. Сондықтан да, біз үшін бірегей мәдени саясат қажет. Яғни, олардың заңдық бағыныштылық деңгейіне қарамастан, бізде ең бастысы бірыңғай репертуарлық, кадрлық, гастрольдік саясат керек», - деді министр.