Мәдениет пен салт-дәстүрлер негізінде ынтымақтастық орнатуға болатынын тәуелсіздіктегі 20 жылдық өміріміз дәлелдеді - Е.Тоғжанов

Бұл ойын бүгін Астанада Қазақстан халқының бірлігі күні құрметіне орай өткен мерекелік шара барысында журналистерге берген сұхбатында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының
орынбасары Ералы Тоғжанов білдірді.
Е.Тоғжановтың айтуынша, биыл 1 мамыр мерекесін бастаған шеру, Қазақстан халқын одан әрі ұйыстыру үшін алғаш өткізілген жалғыз шара емес.
«Жақында ғана Астанада ұлттық театрлардың республикалық фестивалі өтті. Мемлекеттік және облыстық деңгейдегі ұлттық театрлар белгілі драматургтардың үлкен шығармаларын сахналады. Театр - өмірдің айнасы деп айтатын болсақ, дүниеде болып жатқан - адам мен адам арасындағы қарым-қатынасты, бірліктің терең мағынасы мен мәнін театр арқылы да көрсетуге болатынына көз жеткіздік», - деді ол.
Ассамблея өкілінің сөзіне қарағанда, 20 сәуірде басталған осындай мән-маңыздағы іс-шаралар Қазақстанның түкпір-түкпірінде 4 мамырға дейін ұйымдастырылатын болады. 4 мыңнан астам шараға барлығы 2 млн.-ға жуық адам қатысуда.
«Олардың ішіндегі негізгісі - 1 мамыр күнгі мерекелік шаралар. Шерулер - бірлік қарым-қатынастарға, ынтымақтастыққа тікелей септігін тигізетініне кәміл сенемін. Себебі, іс жүзінде бірге бола білу, бірге өмір сүре білу - өмірдегі ең үлкен құндылықтардың бірі. Бүгін «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда 50 мыңға жуық адам жиналды. Қаланың айналасындағы 20 елді мекенде тағы 50 мың адам мерекелік шараларға қатысуда. Мәдениет пен салт-дәстүр негізінде нағыз ынтымақтастықты орнатуға болатынын тәуелсіздіктегі 20 жылдық өміріміз дәлелдеп берді», - деді Е.Тоғжанов.
Оның пікірінше, Қазақстанда ұлттардың өзара татулықта, ынтымақта өмір сүруі Қазақтан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың осындан 15 жыл бұрын жасаған моделінің жемісі.