Мәдениет саласындағы ұстаным құндылықтарды сақтау тұрғысынан қалыптасуы тиіс - Мақпал Тәжмағамбетова

АСТАНА. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінде депутат Мақпал Тәжмағамбетованың бастамасымен «Мәдениет туралы» Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу бойынша талқылау өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәдениет саласындағы ұстаным құндылықтарды сақтау тұрғысынан қалыптасуы тиіс - Мақпал Тәжмағамбетова

«Мәдениет - ұлт өмірінің айнасы, рухани болмысы, пайым-парасаты және үздіксіз дамып отыратын сала. Жиынның мақсаты - мәдениет заңына енгізілуі тиіс идеялық блогтар, стратегиялық ұстанымдарды айқындау», - деді М. Тәжмағамбетова.

Осы орайда депутат мемлекеттің мәдениет саласын реттеуге қатысты ұстанымы құндылықтарды сақтау әрі дамыту тұрғысынан қалыптасуы тиіс екенін тілге тиек етті.

Жиынға қатысқан депутаттар мәдениет саласында шешілмей жүрген түйткілді мәселелерге тоқталды. Бұл тұрғыда мәдениет қызметкерлерінің мәртебесі, әлеуметтік жағдайы мен жалақысы сияқты мәселелер заңдық негізде шешімін табуы қажет екені баса айтылды.

Депутат Аманжол Әлтай мәдениет туралы заңда жетілдіретін тұстары бар екенін алға тартып отыр.

«Біріншіден, мәдениет қызметкерлерінің қоғамдағы мәртебесін көтеруіміз керек. Ұстаздардың, дәрігерлердің мәртебесін, әлеуметтік жағдайын көтеріп жатырмыз. Осындай жанашырлық заңдық тұрғыдан, Үкімет жағынан мәдениет саласының қызметкерлеріне керек болып тұр», - деді Аманжол Әлтай Мәжілісте «Мәдениет туралы» Заңға өзгерістер енгізуді талқылау барысында.

Осы орайда ол елімізде бұл сала мамандарының әлеуметтік жағдайы ең аз қорғалғанын, жалақысы төмен екенін айтты.

«Мәдинет дегеніміз - ол күрделі әрі кешенді ұғым. Біздің рухани болмысымыз, бірнеше маңызды саланың барлығы мәдениетке кіреді. Мәдениетіне көңіл бөлген ел экономикада да, саясатта да, сондай-ақ басқа салаларда да үлкен табыстарға жететінін ұмытпайық. Өнер және мәдениет майталмандары саладағы шешілмей жатқан біраз мәселені көтеріп жүр. Мәдениет қызметкерінің жалақысы төмен болса, баспана ала алмайды. Сондықтан бірінші кезекте осы сала қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын дұрыстауымыз керек», - деді депутат.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменов қазіргі кезде саладағы үш заң жобасы аясында жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

«Кеше ғана кітапхана ісінің жаңа мазмұнына қатысты заң жобасын талқыладық. Екінші құжат кітап нарығын реттеу бағытына арналып отыр. Ал үшінші заң жобасына тоқталсақ, музей қызметкерлерінің мәртебесі мен музей ісі туралы құжатты дайындаймыз. Өйткені музей мен кітапхана салалары мәдениет туралы үлкен ауқымды заңның бір-бір бөлшегі болып тұр. Атап айтқанда, идеологияға нақты назар аударып, соған қаражат бөліп, саланың мәртебесіне екпін қою тұрғысында нақты бағдарламаларды анықтау керек. Осы мәселелерді ескере отырып, біз тиісті жұмысты бастап жатырмыз», - деді Ж. Сүлейменова.

Айта кетейік, жиынға Мәдениет және спорт, Оқу ағарту, Ғылым және жоғары білім, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінің мамандары, мәдениет жанашырлары қатысты.