«Мәдениет» телеарнасы 1 жылдығын атап өтті

АСТАНА. 23 қараша. ҚазАқпарат - 2012 жылдың 22 қарашасында Қазмедиа орталығында «Мәдениет» телеарнасының 1 жылға толуына орай «Ұлттық құндылықтар айнасы - «Мәдениет» телеарнасы» атты  мерекелік шара өтті.

«Мәдениет» телеарнасы 1 жылдығын атап өтті

Қазақстандық көрермендерге отандық және әлемдік мәдениет жауһарларын кеңінен таныстыратын бұл арна 2011 жылдың 26 қыркүйегінде «Қазақстан» РТРК  АҚ жанынан ашылған еді.

Осы 1 жылдың ішінде телеарна қазақстандық көрерменнің сүйікті арнасына айналып үлгерді. Қазіргі кезде телеарна  көрермендерге «Жүздесу», «Кітапхана», «Әлі есімде...», «Неслучайные встречи», «Көкжиек», «Алтын көмбе», «Өркениет», «Сол жылдар...», «Раскрытая партитура», «Легенды и мифы Оперного», «Ғасырлар пернесі», «Қылқалам», «Ақсарай», «Мәдениет жаңалықтары» және т.б бағдарламаларын ұсынады. Телеарна жаңалықтарын ғаламтор желісі арқылы да тарату жолға қойылған. madeniet.kaztrk.kz cайты интернет қолданушыларына барынша жылдам, жедел ақпарат таратуды мақсат тұтады.

Телеарна 1 жылдық ғұмырында бірқатар белестерді бағындырып үлгерді. Мәселен, жақында ғана «ТЭФИ-Достастық» фестивалінде теларнаның  «Легенды и мифы оперного» бағдарламасының  Күләш Бәйсейітова туралы саны жүлдегер атанды.

«Мәдениет» телеарнасы - Қазақстандағы мәдени-танымдық бағытта хабар тарататын алғашқы арна. Басты мақсаты - Қазақстанның тарихи және мәдени мұрасын сақтау, тілдік ортаны дамыту, рухани құндылықтарды насихаттау, көрерменнің талғамын көтеру және жан-жақты дүниетанымын арттыру бағытында әзірленген отандық және шетелдік үздік телехабарлар мен деректі фильмдерді қалың көпшілік назарына ұсыну болып табылады.