18:52, 29 Мамыр 2009 | GMT +5
Мәдениет және ақпарат министрі Алматыдағы Орталық мемлекеттік мұрағатта болды
АЛМАТЫ. Мамырдың 29-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Алматыдағы жұмыс сапары барысында Орталық мемлекеттік мұрағаты, Орталық мемлекеттік кинобейне және дыбыс жазба мұрағаты, Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама мұрағаты ұжымдарымен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Министр кездесуі барысында мұрағатта сақталған Алматы, Дина Нұрпейісова, Күләш Байсейітова туралы материалдарды тамашалады. Сондай-ақ мұрағат ғимаратын аралап көріп, мұрағатшыларға архивтік материалдар негізінде көптомдық кітаптар, кинобейне, аудиоматериалдар негізінде қазақтың ұлы тұлғаларының дауысын, бейнелерін жинақтап шығару жөнінде тапсырма берді. Ол сондай-ақ мұрағаттар ұжымының Орталық мұрағатқа Ұлттық мемлекеттік мұрағат атауын беру туралы ұсынысын Елбасы назарына ұсынатынын жеткізді. Сондай-ақ биыл қазақтың 1000 күйі мен әніне арналған антология шығару көзделіп отырғанын, мұрағат ұжымына осы іске қолдау білдіру керектігін атап өтті.
«Өткенін білмейтін халықтың болашағы жоқ. Осы тұрғыда мұрағаттардың қызметі зор. Халықтың өткен уақыттағы үлкен рухани мұрасы сіздердің қолдарыңызда. Біз сіздердің дұрыс бағытта жұмыс істеулеріңіз үшін жағдай жасаймыз. Бүгінгі кездесуіміздің де негізгі мақсаты - сіздердің ұсыныс, талаптарыңызды тыңдау. Өйткені министрліктің 2010 жылғы бюджетін қалыптастыру аяқталып қалды. Бюджет сіздердің талап-тілектеріңіздің негізінде қалыптасады», - деді Мұхтар Құл-Мұхаммед. Алматыда орналасқан бұл мұрағаттарда Қазақстандағы 19 миллионнан астам жәдігердің 2 миллионнан астамы сақталады. Мұрағат құжаттары негізінде жыл сайын 20-дан астам құжаттар жинақтары шығарылып, мыңнан астам мақалалар, 300-ден астам радио және телебағдарламалар жарияланады. Өткен жылы бұл мұрағаттарда 700-ден астам зерттеуші жұмыс істеген. Сондай-ақ 300 мыңнан астам шетел және Қазақстан азаматтарына мұрағаттық анықтама мен көшірмелер берілген.