Мәдениет және ақпарат министрі БАҚ өкілдерін кәсіби төл мерекелерімен құттықтады
АСТАНА. 24 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін елордада ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басын қосып, кәсіби төл мерекелерімен құттықтады.
Салтанатты шараның ашылу рәсімінде сөз алған министр тәуелсіздік алғаннан бері армандаған қазақ тілінде ақпарат таратып, түрлі танымдық хабарлар көрсететін телеарнаға қол жеткізгендігімізді баса айтты. Бүгінде ол телеарналар еліміздің түкпір-түкпіріне мемлекеттік тіліміздің бар қымбат қазынасын жеткізетін, әлемге қазақ тілінің мәртебесін көрсететін маңызды құралға айналды.
«Ал бүгінгі шараның мақсаты да мемлекеттк тіл және бұқаралық ақпарат құралдары деп аталады. Яғни, мемлекеттік тілге қатысты БАҚ-тың едәуір ғана емес, атқарып жатқан сан мыңдаған шаруаларын біз ел болып ескеріп, соларға алғысымызды айтқымыз келді. Сол БАҚ-тың мемлекеттік тілде жазып, көрсетіп жүрген қаншама қызметкерлерін төл мерекелері қарсаңында марапаттауды жоспарладық», - деді ол.
Осыдан кейін «Мемлекеттік тіл және БАҚ» деп аталатын байқаудың жеңімпаздары марапатталды.